Алматы облысының Кеген ауданында «Таза Қазақстан» акциясы мен халықаралық «Парктер шеруі – 2026» табиғат қорғау науқаны аясында «Кегеннің жасыл қақпасы» атты ауқымды экологиялық іс-шара өтті.
Аталған жоба өңірдің табиғи әлеуетін арттырумен қатар, елді мекеннің эстетикалық келбетін жаңғыртып, Кеген ауылының болашақ «жасыл белдеуінің» негізін қалауға бағытталған. Акцияға мыңға жуық адам қатысып, 5100 түп ағаш көшетін екті.
«Кегеннің жасыл қақпасы» экологиялық іс-шарасына аудан халқы мен мемлекеттік қызметкерлер, белсенді жастар, қоғам қайраткерлері, депутаттар және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысты. Мыңға жуық адам жұмылдырылған ауқымды акция барысында шырша, қарағай, қайың, қара ағаш, калифорния терегі сияқты бес түрлі ағаш көшеттері егілді.
Нұрбақыт Теңізбаев, Кеген ауданының әкімі:
- 5100-дей ағаш егіліп жатыр, соны бастадық. Бұл ағаш егу акциясы тек қана аудан ғана емес, «Көлсай көлдері» ұлттық паркі мекемесі бар, Кеген орман шаруашылығы бар, аудандағы бірнеше мекемелердің басын қосып отырмыз және аудандық прокуратура қызметкерлерімен бірлесе осы жобаны қолға алған болатынбыз. Еңбектеген баладан еңкейген ардагерімізге дейін бәрі келіп атсалысып жатыр.
Кеген ауылының «жасыл қақпасын» қалыптастыру мақсатында мемлекет тарапынан кешенді инженерлік дайындық жұмыстары жүргізілді. Ағаш егілетін 7 гектар жер толықтай қоршалып, жасыл желектің жайқалып өсуі үшін 2 мың метрлік суғару жүйесі тартылып жатыр.
Жаныс Қанышұлы, мердігер:
- Біз екі жыл осыған қызмет көрсетіп отырмыз. Автосуару, бәрі осы жерде орнатылады. Тамшылап суармалау болады және ортасына сәндік жоңышқа егіледі.
Кегеннен жүн мен тері өңдеу зауытын салып жатқан «MERGEN HOLDING» ЖШС бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі ретінде аталған бастамаға өз үлесін қосуды жөн көрген. Компания жеке қаражаты есебінен 2 гектар жерге 2 мың түп калифорния терегін егу жұмыстарын қолға алды. Ауданда биыл барлығы 15 мыңнан астам көшет егіледі деген жоспар бар.
Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Аят Дүйсенбаев
Тегтер #Алматы облысы #кеген #көшет #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz