RU
Толық нұсқаға өту
Фото: Жеке мұрағаттан

Қанат Хитрук: «Біздің шаңырақта тек қазақ тілінде сөйлесу – бұлжымас қағида» 

01.05.2026, 10:45 51

Ақтөбе өңірі – ежелден өнер мен білімнің, батырлық пен бірліктің мекені. Осы киелі топырақта туып, бүгінде медицина мен өнерді қатар алып жүрген, Ақтөбе Ассамблея жастарының белсенді мүшесі Қанат Викторович Хитрукпен «24KZ» тілшісі сұхбаттасқан еді. 

Тегі украин болса да, жаны қазақ, болмысы ұлттық құндылықтармен суарылған Қанат Хитруктың оқиғасы - нағыз отансүйгіштіктің үлгісі.

Қанат, отбасыңыз туралы айтқанда өте ерекше жылулық сезіледі. Тілге, дәстүрге деген құрмет қайдан басталды?

– Менің отбасым – Қазақстандағы ұлттар достығының нағыз көрінісі. Әкем Виктор Филимонович – украин, анам Елена Құрманғалиқызы – қазақ. Біз төрт ағайындымыз: Татьяна, Владимир, Самат және мен. Үйдегі барлық бауырларым қазақ тілінде білім алды. Ең басты ерекшелігіміз – біз отбасымызда тек қазақ тілінде сөйлесеміз. Бұл біз үшін қалыпты жағдай әрі ана тілімізге, өскен ортамызға деген шексіз құрметіміз.

Ауылда өскен баланың табиғаты бөлек болады ғой. Өзіңіздің өскен ортаңыз туралы айтып берсеңіз?

– Мен Ақтөбе облысы Ойыл ауданына қарасты Амангелді ауылында дүниеге келдім. Ауылда таза қазақша білім алдым. Мектеп қабырғасында жүргенде еркін күреспен айналысып, 7 жыл бойы боз кілемде талай белестерді бағындырдым. Спорт мені төзімділікке, табандылыққа баулыды. Қазіргі таңда Кеңес Одағының Батыры М. Мәметова атындағы Ақтөбе жоғары медициналық колледжінде «Емдеу ісі» мамандығы бойынша білім алып жатырмын. Адам жанына араша болу – менің алдағы басты мақсатым.

Домбыраны жақында ғана қолыңызға алсаңыз да, айтарлықтай жетістікке жетіпсіз. Бұл қызығушылық қалай оянды?

– Иә, домбыраны 2023 жылы ғана қолға алдым. Аспапқа деген қызығушылығым соншалық, қысқа уақыт ішінде көптеген күйлер мен әндерді үйреніп шықтым. Қазір домбырада еркін ойнап, күй тартамын. Мен үшін бұл жай ғана хобби емес, ұлттық рухпен байланысудың жолы. 2024 жылдың маусым айынан бастап «Ассамблея жастарының» қатарына қосылдым. Бүгінде түрлі қоғамдық іс-шараларды жүргізіп, белсенді азаматтық ұстанымымды көрсетіп жүрмін.

Отандастарыңызды Бірлік күнімен қалай құттықтар едіңіз?

-Аспанымыз ашық, бейбіт заман болсын. Барша қазақстандықтарды бірлік пен татулық мерекесімен құттықтаймын! 

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz