Маңғыстауда бекіре тұқымдас балық өсіру кешенінің құрылысы басталды.
Швейцарлық компания Түпқараған ауданы Қызылөзен ауылында табиғи жолмен бекіре өсіріп, қара уылдырық алуды жоспарлайды. Елімізде балық шаруашылығы саласында баламасы жоқ ірі кәсіпорынның құрылысы барысын өңір басшылығы да көріп қайтты.
Инвестициялық жоба отандық балық шаруашылығы саласын көркейтіп, өңір әлеуетін әртараптандыруды көздейді. Теңіз жағасында бекіре тұқымдас балық өсіріп, уылдырық өндіретін кешен құрылысын швейцариялық компания қаржыландырады.
Нұрдәулет Қилыбай, облыс әкімі:
- 1 жыл бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Маңғыстауға келген кезде балық шаруашылығының айналасында 2 жобамен таныстырып, инвесторлармен кездестірген болатынбыз. Біреуі қазір Қарақияда жүзеге асып жатыр. Екіншісі осы Қызылөзендегі жобаны сүйемелдеген Республиканың Үкіметіне, оның ішінде сыртқы істер министрлігіне рахмет айтуымыз керек. Ауыл шаруашылығы министрлігіне.
Рей-Де Руддер Кристиан Эдвин, Жоба құрылтайшысы
- Жоғары технологиялы өндіріс салуға қолайды орын іздеп, 1 жылдан астам зерттеу жүргізілді. Жоспарымыз - жылына 100 тонна бекіре тұқымдас балық өсіріп, 10 тоннаға дейін қара уылдырық өндіру. Кәсіпорында әлемдік тәжірибемен ұштасқан озық технологиялар енгізіледі.
Халықаралық жоба 2033 жылға дейін кезең-кезеңімен жүзеге асады. Бірінші кезеңінде 40 жұмыс орны ашылады. Кәсіпорын толық қуатына шыққан соң жұмыссыздықпен күресуге серпін береді деп күтіледі.
Көбеген Ізімбергенов, Қызылөзен ауылының тұрғыны:
- Балық кәсібімен өте ертеден бері шұғылданған ауыл. Басқа жердегі ер-азаматтар соғысқа кеткен уақытта осы жердің балықшылары броньмен қалып, әскерді балықпен қамтамасыз етуге атсалысқан. Халықты балық өнімімен қамтамасыз ететін үлкен жоба қолға алынып жатыр, осы ауылдан болғанына шексіз қуаныштымыз.
Теңіздің биоалуантүрлігін сақтау - өзекті тақырып. Бұл бағытта Маңғыстауда балық қорын көбейтуге инвесторларды тарту, шаруашылыққа қажетті инфрақұрылым жүргізу бағытында кешенді жұмыс атқарылуда.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #Маңғыстау #балық шаруашылығы #жарнамаPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz