RU
Толық нұсқаға өту

Халық бірлігі – береке бастауы

01.05.2026, 14:20 32

Бірлік күні Атырауда өзге этнос өкілдерінен құралған ансамбльдер, өнер ұжымдары тұрғындарға концерттік бағдарламасын ұсынып, мерекелік көңіл күй сыйлады.

Жалпы өңірдегі этномәдени бірлестіктер облыстың әлеуметтік-экономикалық және мәдени-рухани дамуына да ерекше үлес қосып келеді. Атырауда бүгінгі мереке қалай тойланып жатыр?

Бір шаңырақ астында тату-тәтті ғұмыр кешіп жатқан елдің іргесі берік, келешегі кемел болсын! Иә, Атырауда да Бірлік күні айрықша тойлануда. «Сұлтан Бейбарыс» алаңында «Бірлікте гүлденген Ұлы дала» атты ауқымды мәдени-көпшілік іс-шара өтіп жатыр. Түрлі этнос өкілдері жиналып, татулық пен достықтың жарқын үлгісін көрсетуде. «Жайық қызы», «Жұлдыз», «Меруерт», «Камелия», «Sanad», «Nomad» би топтары, сондай-ақ грузин және «Нам-Сон» корей этномәдени бірлестіктерінің өнерпаздары бірлесіп, «Тату елдің биі» атты хореографиялық композицияны ұсынды. Бұл қойылым – Қазақстандағы сан түрлі ұлттың бір мақсат, бір мүдде жолында біріге алатынының көркем көрінісіндей әсер қалдырды. Мерекелік бағдарлама аясында көрермендерге ерекше әсер сыйлаған тағы бір ерекшелік, бұл – әр этнос өкілдерінің ұлттық киімдері мен дәстүрлі музыкалық аспаптарының дефилесі. Осы көрініс арқылы қала тұрғындары этностардың бай мәдени мұрасымен жақынырақ танысуға мүмкіндік алды десек болады. Іс-шара жергілікті өнерпаздар мен Қазақстан халқы Ассамблеясы өкілдерінің концерттік бағдарламасымен жалғасып жатыр. Бірлік күні апталық ретінде аталып өтіп, түрлі іс-шара ұйымдастырылды.

Дәурен Мақым, Қоғамдық келісім мекемесінің бөлім басшысы:

- Жастар арасында пікірсайыс турнирлері, QUIZ интеллектуалдық, зияткерлік сайыстары, түрлі экологиялық акциялар, әлеуметтік желідегі республикалық челендждерге қосылу, сондай іс-шараларды ұйымдастырып келе жатырмыз. Енді бұл жердегі басты мақсат – көп этносты, көп конфессиялы Қазақстанның, осы Атырау өңірінде тұратын жастардың, этностапдың басын біріктіру, оларды бір ортаға, бір идеяның айналасына тоғыстыру.

Өңірде 18 этномәдени бірлестік жұмыс істейді. 80-нен аса этнос өкілі бар. Татулықты ту етіп, бірлікті сақтау жолында этномәдени бірлестіктердің маңызы зор. Олар облыстың әлеуметтік-экономикалық және мәдени-рухани дамуына да ерекше үлес қосуда. Бірлестіктер жанынан құрылған ансамбльдер, өнер ұжымдары мәдени-көпшілік іс-шаралардан қалыс қалған емес. Жалпы өңірдегі өзге ұлт өкілдерінің қиын-қыстау шақта қол ұшын созған қазақ халқына деген алғысы, ықыласы ерекше.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Матенов, Жандос Рахметуллин

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz