Қазақстан – 124-тен астам ұлт пен ұлыс өкілдері бір шаңырақ астында тату-тәтті ғұмыр кешіп жатқан бірегей мемлекет. 1 мамыр – еліміздегі әрбір азаматтың ұлтына, дініне қарамастан, ортақ Отанымыздың өркендеуіне қосып жатқан үлесін ұлықтайтын маңызды күн. Отанын сүюді, тілін құрметтеуді және оның дамуына үлес қосып, қазақтың қара домбырасы мен сөз өнерін ұлықтап жүрген өзге этнос өкілдерімен «24KZ» тілшісі тілдесіп қайтты.
Бірлік пен татулықтың мейрамында біздің кейіпкеріміз – ҚР Қарулы Күштері Орталық ансамблінің солисі, сержант Эльдана Габерман. Ұлты неміс болса да, жаны қазақ, домбыраны жанына серік етіп, айтыс өнерінде бақ сынап жүрген Эльдананың өмір жолы көпке үлгі.
Эльдана Александровна, сіздің еңбек жолыңыз бен біліміңіз өте ауқымды екен. Әскери сала мен музыканы қалай ұштастырып жүрсіз?
– Менің өмірім – ізденіс пен еңбектен тұрады. Білімім бойынша режиссермін, қазіргі таңда Арқалық қаласында Ы. Алтынсарин атындағы университетте «Музыка пәнінің мұғалімі» мамандығы бойынша білімімді жетілдіріп жатырмын. 2009 жылдан бері әскери салада қызмет етіп келемін. Еңбек жолымды Ұлттық ұлан ансамблінде кіші сержант шенімен бастадым. Қазіргі таңда ҚР Қарулы Күштерінің Орталық ансамблінде солистпін. Отанға қызмет ету – мен үшін үлкен мәртебе, ал өнер – сол қызметтің ажырамас бөлігі.
Бауырларыңыз бен жақын туыстарыңыз Германияда тұратынын білеміз. Сізде көшу туралы ой болмады ма?
– Әкем жағынан туыстарымның бәрі Германияға қоныс аударған, қазір сонда тұрады. Бірақ менің таңдауым – Қазақстан. Мен ешқашан бұл елден кетпеймін деп шештім. Өйткені менің нағашыларым қазақ, қанымда немістің ұқыптылығы мен қазақтың кеңдігі бар. Нағашыларымның қолдауымен қазір кішігірім фазендам, жылқы шаруашылығым бар. Бос уақытымда тұлпарларымның жанында болғанды, табиғат аясында демалғанды жаным сүйеді.
Жақында өткен этносаралық айтыста жүлделі орын алдыңыз. Жалпы, суырыпсалма өнерге қалай келдіңіз?
– Иә, жақында өткен «Алтын шаңырақ» айтысында екінші орынды иелендім. Бұл мен үшін үлкен мақтаныш. Жақында Астанада Халықаралық Ақындар одағы ашылған болатын, мен бір жылқымды осы одаққа «көрімдік» ретінде тарту еттім. Бұл – ақындарды қолдап, төл өнерімізді дәріптеп жатқан азаматтарға деген құрметім.
Тегтер #1 мамыр #бірлік күні #Қазақстан #татулық #24жаңалықтар #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz