Ақмола облысында биыл «Таза Қазақстан» акциясы аясында 20 млн түп ағаш егіледі. Осылайша, 4 мың гектардан астам алқап жасыл желекке айналмақ.
Қазір аймақта көгалдандыру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Игі шараға орманшылардан бөлек, экобелсенділер мен студенттер де жұмыла кіріскен.
«Бұқпа» орман шаруашылығында ағаш егу науқаны сәуір айының басында басталды. Қазір мұнда қайнаған тірлік. Көбінесе қарағай және қайын көшеттері егіліп жатыр. Жоспар бойынша 180 гектар алқап көгалдандырылмақ.
Ғалымбек Батталов, Орман шаруашылығының директоры:
- Міне, осы күнге дейін 94 гектар отырғыздық. Қалған 86 гектар қалды енді. 50 пайызын жасадық. Күтіп баптау жұмыстары жүргізіледі. Қазір посадканы аяқтағаннан кейін «минерализованные полосы» дейді, яғни жыртамыз. Сосын арасында «прополка» жасаймыз. Арамшөптерін жұламыз.
Игі іске студенттер де белсене атсалысып жатыр. Олардың дені болашақ орманшы мен экологтар. Белсенді жастар осындай эко шараларға тұрақты түрде қатысып тұратындарын айтады.
Жансая Дәуренбек, студент:
- Құрбыларыммен, достарыммен акцияға қатысудамыз. Қазіргі таңда ағаш егу ол пайдалы деп санаймын. Тиімді бәріне. Сонымен қатар біз қаланы қоқыстан тазарту акцияларына да қатысамыз.
Құзырлы орган өкілдері де көшеттердің өсу барысын қатаң қадағалайды. Себебі күтім болмаса өскіндер қурап қалуы мүмкін. Жалпы, облыс бойынша егілген көшеттің 70-80 пайызы өсіп жетіледі Ал қурап қалған ағаштардың орнын ормашылар жаңа көшеттермен толықтырып отырады. Ал өскіндер жергілікті тұқымбақта өсіріледі.
Арман Тұрымбаев, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары:
- Қазір біз көшеттерге сұраныс артқасын тұқымбақтарды көбейтіп жатырмыз. Облыс бойынша 21 тұқымбақ жұмыс істейді. Оның тоғызы жыл бойы көшет өсіреді. Аймақтағы тұқымбақтардың жалпы аумағы 461 гектарды құрайды. Қазір осы мекемелер өңірді қажетті көшетпен толық қамтамасыз етіп отыр.
Ашық алқапқа егілген жас талдарды дала өртінен де қорғау маңызды. Осы бағытта орман шаруашылықтарына бейнебақылау камералары орнатылған. Бұдан бөлек арнайы техникалармен де қамтамасыз етілді.
Ербол Тәшімов, Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы:
- Биыл 13 орман шаруашылық мекемесіне 85 техника алынды. Соның ішінде 24 бірлік өрт сөндіру машинасы, 30 бірлік трактор, 31 бірлік шағын орман сөндіру машиналары алынды. Барлығы жаңа. Лизинг арқылы алынып отыр. Одан басқа бес лесхозға өртті ерте анықтау жүйесі орнатылды.
Айта кету керек, Мемлекет басшысы 2027 жылға дейін еліміз бойынша 2 млрд түп ағаш егуді тапсырды. Оның 214 миллионы Ақмола облысының үлесінде. Президент пәрменіне орай соңғы 5 жылда өңірде 113 млн түп көшет егілді.
Авторлары: Абзал Азаматұлы, Евгений Шинкаренко, Виктор Полянный
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #Ақмола #Таза ҚазақстанPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz