RU
Толық нұсқаға өту

Солтүстіктегі Имантау ауылының халқы бір жылда 14 млн гүл егеді

03.05.2026, 09:33 28

Солтүстік Қазақтан облысындағы Имантау ауылының тұрғындары бір жылда 14 миллион дана гүл егеді.

Ауылдағы 100-ге жуық отбасы гүл өсіріп табыстарын еселеген. Ауыл тұрғындары өсімдіктерін күтіп, баптап елдің барлық қаласына сатады. 

Регина Кузахметова осыдан он жыл бұрын аз ғана аумаққа гүл егіп, пайда таба бастаған. Қазір сол кәсібі өркендеп, бақшасы ірі жылыжайға айналды. Мұнда гүлдің жүзден астам түрі өсіп тұр. Бағбан  бірнеше ауылдасын да жұмыспен қамтып отыр. Жылыжайда жылына 600 мың дана гүл өседі.

Регина Кузахметова, бағбан:

- Біз осыған дейін көбінесе бір жылдық гүлдер ексек, қазір біз көп жылдық өсімдіктерге басымдық беріп жатырмыз. Оған сұраныс та жоғары. Біз қаңтар айының басында жылыжайларды дайындап, топырақты қопсыту жұмыстарын жүргіземіз. Содан кейін ғана гүл егу жұмыстарына кірісеміз. Күн суық күндері жылыжайдағы температурына көбейтіп, жылу береміз. Бұл гүлдерді тәулігіне бір-ақ рет суару керек. Ылғал көп болып кетсе, шіріп кетеді.

Имантаулықтар негізінен көгалдандыруға қолданылатын дала гүлдерін өсіреді. Сондықтан сауда сәуір, мамыр айында қызады. Қазірдің өзінде бағбандар біраз өнімін сатып үлгірген.

Евгений Удод, бағбан:

- Біз өз өнімдерімізді ел бойынша сатамыз. Кеше ғана Ақтөбе қаласынан келіп алып кетті. Астана, Қостанай мен Қарағандыдан да сұраныс көп түседі. Жыл сайын осы уақытта келетін тұтынушыларымыз бар. Жылына шамамен 300 мың дана гүл өсіреміз. 

Қазір ауылдағы 100-ге жуық отбасы гүл өсіруді кәсіпке айналдырған. Олардың өсірген гүлдері қазір еліміздегі көптеген қалаға көрік беріп тұр. Соңғы 20 жылда Имантау нағыз бағбандар ауылы деген атқа ие болды. 

Қазбек Сейітқалиев, Имантау ауылының әкімі:

- Бұл кәсіп біздің ауылда шамамен 25-30 жыл бұрын басталды. Біздің ауылдың бір тұрғыны Астанада көгалдандыру жұмыстарымен айналысты. Сол кісі елордадан арнайы тұқым қорын әкеліп, ауыл халқын осы іске баулыды. Гүл өсіру технологиясының қыр-сырымен таныстырды.  

Ауылдағы гүл өсіру бизнесі әрі қарай дами түспек. Өйткені кәсіп ашуға ниетті жандар қатары көп, дейді жауаптылар. Қажет болса оларға мемлекет тарапынан қолдау да көрсетіледі. Келер жылы ауылда тағы 10 жылыжай ашылады деп жоспарланып отыр. 

Абзал Азаматұлы, Евгений Шинкаренко

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz