RU
Толық нұсқаға өту

Атырау облысындағы Ганюшкино теміржол вокзалының ғимараты жаңартылды

03.05.2026, 10:00 38

Атырау облысы Ақкөл станциясындағы «Ганюшкино» теміржол вокзалының ғимараты жаңартылды.  

Орта Азияны Еуропамен  жалғайтын тоғыз жолдың торабындағы бекетті «батыс қақпасы» деуге болады. Нысан «өңірдің инфрақұрылымын жаңғырту» бағдарламасы аясында жөндеуден өтті. Жалпы өңірде тағы 9 вокзал жаңартылады. Бесеуінің ғимараты биыл жөнделеді.

Арыстанбек Кенже, тілші:

- Еліміздің батыс қақпасы саналатын Ганюшкино станциясы арқылы тәулігіне 5 пар  жолаушылар поезды өтеді. Ендеше, теміржол вокзалындағы жолаушылардың қауіпсіздігі мен жайлылығы басты назарда болмақ.

Вокзал өткен ғасырдың 70-жылдары салынған. Нысан  халықаралық стандарттарға сай үшінші санаттағы вокзалға жатады. Бұрын аумағы 400 шаршы метрге жуықтайтын. Жаңарудан өткеннен кейін екі есе ұлғайды. Ғимаратты жөндеуге 150 млн теңге бөлінді.

Лена Бақытжанқызы, вокзалдың аға кезекшісі:

- Гигиеналық бөлмелер ішінде жасақталып, туалет- әжетханаларымыз көбейді. Және де билет кассасы үлкейіп, вокзал кезекшісі, анықтама бюросы бәрі қарастырылған, осы вокзалда. Бұрын воказылымыз 50 жолаушыға арналған болса қазір бұл вокзал енді 150 жолаушыға арналған. Орындықтар қойылып, мүмкіндігі шектеулі жандарға бізде арнайы бөлме қарастырылған. 

Ғимараттың құрылысы толық аяқталды. Енді жоба бойынша 1600 шаршы метр төсем тас төселіп, ғимараттың айналасы толықтай асфальттанатын болады. Ол жұмыстар мамыр айының аяғында аяқталуы тиіс.

Ербол Қабдірахманов, мердігер мекеменің басшысы:

- Қазіргі таңда жұмысымыз 90 пайызға бітіп тұр. Тек қалғаны сыртқы жұмыстарымыз қалды. Брусчатка төсеу, басқасының бәрі бітіп тұр.

Көгалдандыру жұмысы қалды. Тал, гүл егу деген сияқты. Құрылыс материалдарынан ешқандай кідіріс жоқ.

Атырау облысында 16 теміржол вокзалы бар. «Өңірдің инфрақұрылымын жаңғырту бағдарламасы аясында оның 9-ы жаңартылуы тиіс. Биылғы жылдың шілде айына дейін 5 ғимарат пайдалануға беріледі деп күтілуде.

Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов, Жандос Рахметуллин

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz