Шығыс Қазақстан облысында жыл басынан бері жазасын өтеп шыққан 200 адам жұмысқа орналасты.
Өңірде темір тордың ар жағынан шыққандарды бос жұмыс орнына тіркеуден бастап, оларды қандай да бір кәсіп түріне қайта оқыту бір жүйеге келтірілді. Прокуратура өкілдерінің мәлімдеуінше, осындай қолдау арқасында қылмыс деңгейі 50 пайызға төмендеді.
Облыс бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаментінің пробациялық қызметінде бұрын сотталған 500 адам тіркеуде тұр. Соның басым көпшілігі жаза басып жаңылғандарын түсініп, адал еңбекті, дұрыс жолды таңдаған.
Әсел Шабалова, ҚАЖ департаменті пробация қызметінің аға инспекторы:
- Қылмыс жасап, бас бостандығынан айырылмайтындай жаза арқалаған адамға да, талай жылын темір тордың ар жағында өткізіп шыққандарға да ең алдымен психологиялық қолдау көрсетілуі қажет. Онсыз болмайды. Олардың өзін жат санамай, қоғамға араласып кетуі осыдан басталады.
Ерасыл Асанов университет қабырғасында бопсалау жасап, жазаға тартылған. «Заңды белшесінен басудың салдары ауыр екенін кеш ұқтым», - дейді ол. Дегенмен қылмысын мойындап, қатты өкінгенін ескерген сот оны қоғамдық жұмысқа тартты.
Ерасыл Асанов, қала тұрғыны:
- Сот маған дұрыс жолға түсуіме тағы бір мүмкіндік берді. Қоғамдық жұмыс істедім. Әрі пробация қызметі университеттегі оқуымды жалғастыруға көмектесті.
Мамандардың айтуынша, кесімді жазасын өтеп шыққандарға жан-жақты қолдау үзілмейді. Тек олар да жіберген қателігін қайталамауға тырысса болғаны.
Лейла Оразбекова, қалалық прокуратураның бөлім прокуроры:
- Жүргізілген іс шаралар жақсы нәтиже беріп жатыр. Өлкеде қылмыс деңгейі 50 пайызға төмендеді. Біздің міндетіміз – тек қадағалау емес, әрбір сотталып шыққан адамның ары қарай өмірге бейімделіп кетуіне ықпал ету.
Бұрын сотталғандардың құқығын қорғауға да ден қойылған. «Яғни оларға жұмыс берушілер тарапынан қысым көрсетілмеуін де қадағалаймыз», - дейді құзырлы орган өкілдері.
Авторлары: Эльмира Ахметова. Дмитрий Пыхтин
Тегтер #ШҚО #сотталғандар #жұмыспен қамту #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz