RU
Толық нұсқаға өту

Жазғы демалыс: бала қауіпсіздігі басты назарда

04.05.2026, 08:00 31

Ақтөбе облысында биыл 170 мың бала жазғы лагерьде демалады. Жергілікті билік оқушылардың 99 пайызын қамтуды көздеп отыр.

Ол үшін мектептердің жанынан 700-ден астам лагерь ашылады. Табиғат аясындағы сауықтыру жұмыстарына қазір дайындық қызу.

Жазғы лагерьлер қазір тым-тырыс. Тек демалыс орындарының қызметкерлері алдағы маусымға қауырт дайындық үстінде. Мәселен, бұл лагерьде бір ауысымда 300 балаға дейін демалатын болады.

Қарғалы өзенінің бойындағы Шұғыла балалар лагерінде жазда бос орын болмайды. Тамылжыған табиғатынан бөлек, нысандағы тазалық пен тәртіп   ата-аналардың көңілінен шыққан. Мәдени- спорттық шаралар мен танымдық кештер де жиі өтеді. Жылдағыдай, лагерь ұжымы   демалыс маусымына қызу дайындалып жатыр.

Айдынғали Жетешов, жазғы лагерь директоры:

- Әр маусымның басында біздер СЭС-тен келісім аламыз. Соған қазір дайындалып жатырмыз. Ертең амандық болса, осы айдың аяғында СЭС-ке тексеруге өтініш береміз. Сосын келіп қарап, қабылдап, келісім аламыз.

Биыл жазғы лагерлердің қызметіне қатысты талап күшейді. Балалардың қауіпсіздігін қамтамассыз ету үшін білім беру саласы мен санитарлық қызмет, төтенше жағдайлар департаменті мамандарынан құралған ведомствоаралық комиссия қадағалайды. Жалпы өңірде қала сыртында орналасқан 7 лагерь бар.  Одан бөлек, мектеп жанындағы 702  лагерь мен 50-ге жуық қосымша білім беру орталығында жазғы демалыс   ұйымдастырылады.

Нұргүл Бертілеуова, облыстық Білім басқармасы басшысының орынбасары:

- Жазғы маусымда «І-демалыс» деп аталатын да жаңа жобаны іске қосып отырмыз. Бұл жоба арқылы балалар әрі демалады, әрі жасанды интеллекттің алғашқы әліппесін осы лагерьде үйренетін болады. «Экосана» дейтін жаңа жобаны іске қосып отырмыз. Яғни жазғы мезгілде балалар демалыспен қатар табиғатқа қамқорлық жасауды бірге осы демалыс кезінде үйренетін болады.

Білім беру саласына жауапты мамандар оқушылардың 99 пайызын қамтимыз деп отыр. Яғни олар  қала сыртындағы немесе мектеп жанындағы лагерь, қосымша білім беру орындарындағы жазғы алаңдар немесе экскурсияларға қатыса алады. Ал әлеуметтік санаттағы отбасы балаларына тегін жолдама беру үшін бюджеттен 345 млн теңге қаражат бөлінген.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков, Айбек Даутов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz