Өскеменде қырыққа жуық аула жаңарып, тұрғындар игілігіне беріледі.
Көп қабатты тұрғын үй аулаларын абаттандыру үшін шамамен 1,5 миллиард теңге қарастырылып отыр. Жобаның басты ерекшелігі – шешімді халықтың өзі қабылдайды. Яғни қала тұрғындары «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы арқылы өз аулаларын жөндеуге өтінім бере алады. Кейін ұсынылған жобаларға дауыс беру жүргізіліп, ең көп қолдау жинаған аумақтар абаттандырылады. Мамандардың айтуынша, бұл тәсіл жергілікті мәселелерді жедел әрі тиімді шешуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, тұрғындардың белсенділігін арттырып, ортақ мүлікке деген жауапкершілікті күшейтеді.
«Халық қатысатын бюджет» жүйесі өскемендіктерге бұрыннан таныс. Тұрғындар осы бағдарлама арқылы қай қаражатты қайда жұмсау керегін өздері анықтап келеді. Яғни ой-пікірлерін білдіріп өтінім қалдырады. Одан соң әр ұсынысқа дауыс беру басталады. Ең көп қолдау жинаған алғашқы жиырма бастамаға жергілікті бюджет тарапынан қаржы бөлінеді. Гагарин көшесіндегі мына үйдің ауласы былтыр дәл осы жоба бойынша адам танымастай өзгерді.
Галина Харченко, Өскемен қаласының тұрғыны:
- Серуендейтін жол салынды.барлығы жаңартылды. Балалар да,үлкендер де риза. Енді ары қарай өзіміз таза ұстап, көшет егіп, гүлдендіруге тырысып жатырмыз.
Жұрт жүргізілетін жұмыстың сапасын да қадағалай алады. Соңғы алты жылда қалада осы тәртіппен 200-ден астам аула жаңартылды. Ал биыл 37 аула алаңын абаттандыру жоспарланған.
Әмина Құрманжанқызы, Өскемен қаласы әкімінің баспасөз хатшысы:
- Жоспарлау кезінде әрбір аулаға оның ерекшеліктерін ескере отырып, жеке тәсіл қолданылады. Жұмыс ойын және спорт аумақтарын орнатуды және тротуар төсеуді, жарықтандыру мен демалыс орындарын ұйымдастыруды қамтиды.
Жергілікті өзін өзі басқару жүйесін күшейтудің ауқымы ауламен ғана шектелмейді, дейді сарапшылар. Облыстық қоғамдық кеңес төрағасы Аяужан Әшімованың айтуынша, бұл бағытта үкіметтік емес ұйымдарға жүктелген міндет те көп. Институт жұртшылықпен бірге қордаланған талай мәселені шешіп келеді. Дегенмен, «Халық кеңесінің» құрылуы осы күрделі шаруаларды бір арнаға тоғыстыруға мүмкіндік бермек.
Аяужан Әшімова, ШҚО қоғамдық кеңес төрағасы:
- Халық кеңесінің жұмысын жолға қоя білсек,бұл бізде өңірлердегі халыққа не береді? Жалпы заң шығару процесін бір қадам жақындатады, ішкі саясат мәселелері, жалпы халықты толғандырған мәселелерге қатысуға, республикалық деңгейде қатысуға бізге жақынырақ бір мүмкіндік беріп отыр.
Осылайша жергілікті өзін өзі басқару органдарының құзіреті күшейе түспек. «Ал бұл халықты алаңдатқан сұрақтарды жедел әрі уақтылы шешуге жол ашады», дейді мамандар.
Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов
Тегтер #Өскемен #Аула #жаңарту #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz