RU
Толық нұсқаға өту

Атырау облыстық экология департаменті мен NCOC компаниясы арасындағы дау шешілер емес

04.05.2026, 21:00 21

Атырау облыстық экология департаменті мен Қашаған кен алаңын игеруші NCOC (North Caspian Operating Company) компаниясының арасындағы дау әлі де шешілер емес.

Себебі мұнай компаниясы экологтардың салған айыппұлын негізсіз деп есептейді. Бүгінде олар Қазақстан Республикасының Жоғарғы сотының шешімімен келіспей, халықаралық арбитажға жүгініп отыр. Мұнай-газ саласының сарапшылары сот процесі созылған сайын айыппұл өндірілмей қала ма деп күдіктенеді.

Даудың басы 2022 жылдың қарашасында облыстық экология департаменті жүргізген кешенді тексеруден туындады. Облыс экологтары Каспий қайраңында мұнай өндіріп жатқан компанияның қоршаған ортаға шығарған зиянды қалдықтарының мөлшерден асып кеткенін дәлелдеді. Атап айтқанда, құрғақ күкіртті сақтауға рұқсат етілген норма 730 мың тонна деп белгіленсе, экологтар оның 1 млн 750 мың тоннадан асқанын анықтады. Сондай-ақ атмосфералық ауаға тараған улы қалдықтардың көлемі де артқан. Осыған байланысты компанияға 2,3 трлн теңге айыппұл салған болатын.

Айғаным Бағытқали, экология департаментінің бас маманы:

- 2025 жылғы 23 желтоқсанда біздің пайдамызға шешім шығарылды. Осыған байланысты NCOC тарапынан апелляциялық шағым берілді. Биыл сәуір айында сот компанияның шағымын қанағаттандырусыз қалдырды. Қазір шешім заңды күшіне енді. 

Бірақ Қазақстан сотының шешіміне компания мойынсұнбай отыр. NCOC енді өз ұстанымын табандылықпен қорғап, барлық құқықтық мүмкіндікті пайдалана беретінін мәлімдеп отыр.

ЦИТАТА

Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау жөніндегі уәкілетті органдары NCOC компаниясына оның рұқсат беру құжаттарында бар деп есептеліп отырған кемшіліктерге байланысты бұрын-сонды болмаған және негізсіз айыппұл салды. Тағылып отырған айыпқа қарамастан Компания тарапынан қажетті рұқсаттардың барлығы алынды және олардың талаптары орындалып отырды. NCOC компаниясы күкіртпен жұмыс жүргізуді басқару қызметін әрдайым ҚР заңдары мен нормативтік актілеріне толық сәйкестікпен атқарып келді. Уәкілетті органдар айыппұл салу кезінде сүйенген құқықтық негіз бен процедура Қазақстан заңнамасының талаптарына және Қазақстан Республикасының NCOC компаниясы мен Мердігер Компаниялар алдындағы міндеттемелеріне сәйкес келмейді.

NCOC компаниясының баспасөз қызметі

Енді мұнай-газ саласының сарапшылары даулы іс созылған сайын сот шешімі теріс бағыт алып кете ме деп күдіктенеді. 

Нұрлан Жұмағұлов, сарапшы:

- Басында ойлаған NCOC компаниясы біз ұтамыз деп. Бірақ енді қайтадан Жоғарғы сотта қараған соң олар түсінді ұтылатынын. Халықаралық арбитражға жүгінді. Ал енді қазіргі таңда халықаралық арбитраждың шешімін күтуде. Екі жылға созылып кетті. Әрине, әр созылған сайын оларда мүмкіншілік көбірек болады ғой. Сондықтан да өз басым ойлаймын, әдейі созып жатыр деп. 

Еліміздегі көмірсутек шикізатының 65 пайызы өндірілетін өңірде экологиялық ахуал нашар екенін табиғат жанашырлары көптен бері көтеріп жүр. Себебі мұнай-газ өндірісінде табиғатты қорғауға бағытталған заңнамалар сақталмай отыр, дейді олар.

Арман Хайруллин, "Атамекен Эко" қоғамдық қорының өкілі:

- Экологиялық технологияларды компания сақтағысы келмейтінін көріп отырмыз. Мысалға, теңіздегі итбалықтың өмірі бойынша зерттеу жұмыстары және тағысын тағы кез келген жұмыстардың барлығын доғарып жатыр компания. Екіншіден осы шынайылықты жасыру үшін болар деп ойлаймыз біздер, компания жергілікті лабораториялардың барлығын жұмыстарын тоқтатып, шеттен, өзге жақтан келген лабораторияларды жұмысқа тартып жатыр. 

Өткен үш айда облыстық экология департаменті 7 табиғат пайдаланушының жұмысын тексеріп, 20 заң бұзушылықты анықтады. Нәтижесінде 3 әкімшілік іс қарауға жолданып, 520 млн 500 мың теңге айыппұл салынды. Ал былтыр экологиялық талаптарды бұзу бойынша 96 дерек тіркелген. 

Асланбек Шығыр, Амантай Матенов, Жандос Рахметуллин

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz