Жетісу өңірінің жылу желілерін жаңғыртуға Үкімет резервінен 5,7 млрд теңге бөлінді. Тиісті қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды.
Қаражат Оңтүстік-Батыс жаңа тұрғын ауданында қазандық пен жылу жүйесін тарту жобаларын аяқтауға жұмсалады. Бүгінде Талдықорғандағы орталықтандырылған жылу жүйесінде 10 қазандық жұмыс істейді. Жылу желілерінің ұзындығы 179 шақырым. Орташа тозу деңгейі 62 пайыз. Ал 1980 жылы іске қосылған «Басқуат» орталық қазандығы 71 пайызға тозған. Халық санының өсуіне байланысты қолданыстағы қазандық қосымша жүктемені толық қамтамасыз ете алмай отыр. Сондықтан қалада қуаты сағатына 49 гигакалория болатын жаңа нысан салынып жатыр. Жоба құны 11 млрд теңгеден асады. Жаңа қазандықтың толыққанды жұмысын қамтамасыз ету үшін Оңтүстік-Батыс тұрғын ауданындағы жылу желілері де қатар жаңғыртылып жатыр. Алдағы уақытта, «Болашақ», «Көктем», «Бірлік» және «Құлагер» шағын аудандарындағы тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар сапалы әрі тұрақты жылумен қамтылады.
Ержан Ертаев, ҚР Энергетика министрлігі мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінің төрағасы:
- Аталған жылу көздері бас қуат қазандықтарының жүктемесін азайтып, Талдықорған қаласын жаңа Оңтүстік-Батыс аудандарындағы тұрғындарды сенімді жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Өңірде жылыту маусымы штаттық режимде аяқталды. Аталған жобалар ағымдағы жылдың қыркүйек айына дейін іске асыру жоспарланып отыр. Өз кезегінде энергетика министрлігі құрылыс-монтаж жұмыстарының сапасы мен мерзімдеріне тұрақты бақылау жүргізетін болады.
Тегтер #Жетісу облысы #жылу желілері #үкімет #Олжас Бектенов #Таңдаулы
Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz