Солтүстік Қазақстан облысындағы Егіндіағаш ауылының тұрғындары елді мекенге көпбалалы отбасыларды шақырады.
«Көшіп келгендерге жұмыс беріп, үй алуға да жәрдемдесеміз», - дейді жергілікті билік. Олардың айтуынша, ауылды осылай ғана сақтап қалуға болады. Себебі кейінгі жылдары елді мекеннен қалаға қоныс аударатындар көбейген. Енді ауылдағы бастауыш мектеп те жабылудың аз-ақ алдында тұр.
Абзал Азаматұлы, тілші:
- Егіндіағаш ауылы облыс орталығы Петропавлдан 280, аудан орталығы Айыртаудан 45 шақырым қашықтықта орналасқан. Қазір ауылда небәрі 8 үй ғана қалған. 50-ге жуық халық тұрады. Алайда тұрғындар саны жыл өткен сайын азайып барады.
Елді мекенді сақтап қалудың бірден бір жолы – білім ошағындағы бала санын көбейту. «Өйткені мектеп жабылса ауылда ешкім қалмауы мүмкін», - дейді тұрғындар. Жалпы Егіндіағаштағы білім ордасы 80 оқушыға арналған. Алайда қазір мұнда бар жоғы бес бала ғана оқып жатыр.
Күнсұлу Ахметова, мектеп меңгерушісі:
- Осы уақытқа дейін бастауыш мектеп болғанда ең көп 9 бала санына дейін жететін. Енді биыл 3 оқушымыз 4-ші сыныпты бітіріп, орта буынға көшеді. Ол балалар көршілер Сырымбет, Дәуқара ауылдарына барып, оқуларын жалғастырады. Енді біздің мектепте бар қалатыны 2 оқушы. 1 сынып оқушысы және 3 сынып оқушысы.
Ал оқушылардың қатарын толықтыратын ауылда мектеп жасындағы басқа бала жоқтың қасы. Себебі жастардың көбі қалаға көшіп кеткен. Қалғандары тек ересектер мен қариялар ғана. Қазір ауылда тұруға жарамды 10-ға жуық бос үй бар. Баспаналардың бағасы да әртүрлі. Көшіп келетін жандар болса, мемлекет тарапынан үй алуға арнайы қаржы қарастырылады.
Руслан Қожахимов, Айыртау Аудандық Мансап орталығының басшысы:
- Үй қаражатын береді. Мысалы, егер үй алып жатса, Үкімет тарапынан 7 миллионға дейін, 5 миллионға алса, 100 пайыз төлеп береді. Енді бұл жерде үйді бағалаған бағасы бойынша төлейді. Одан бөлек, өз кәсібін ашып, айналысам деген азаматтар болса, мемлекет тарапынан гранттар бар 400 айлық есептік көрсеткіште.
Жалпы былтыр Айыртау ауданына «Ерікті түрде қоныс аудару» бағдарламасы аясында 46 отбасы көшіп келген. Ал биыл жыл басынан бері 36 отбасы қоныс аударған. Олардың қатарында Алматы облысынан келген Серікжан Ыдырысұлының жанұясы да бар. Екі айдың ішінде еңбекқор отбасы аудан орталығынан шағын кәсіп ашып, табыс тауып отыр.
Серікжан Ыдырысұлы, Саумалкөл ауылының тұрғыны:
- Мансап орталығындағылар құжаттарымызға, көшіп келген шығынымызға, жол қаражатымызға көмек берді. Адам басымызға 305 мыңнан төледі. Кәсіп ашуымызға қолдау көрсетті. Үй алуымызға көмек көрсетті. Үй алуға 7 млн.теңге түсіріп берді.
Онтүстіктен келіп жатқан халықтың көбі аудан орталығында қалуға тырысады. Бірақ қазір жауаптылар олармен сөйлесіп Егіндіағаш сияқты ауылдарға баруға үгіттеп жатыр. Жоспар бойынша, биыл Айыртау ауданына 62 отбасы көшіп келуі тиіс.
Авторлары: Абзал Азаматұлы, Евгений Шинкаренко
Тегтер #СҚО #отбасы #қоныс аудару #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz