RU
Толық нұсқаға өту

Алакөлдің туристік әлеуеті артады

05.05.2026, 10:05 35

Алакөлдің Абай облысындағы демалыс аумағы 10 есе ұлғайып, 3 мың гектарға жетеді. Қазір бас жоспары жасалып, жер телімдері бөлініп жатыр. 

Аймақ аббаттандырылып, заманауи демалыс орындары салынады. Бұдан бөлек, қордаланған қоқыс мәселесі шешімін табуға тиіс. Көл жағасынан 16 шақырым жерде полигон салынып жатыр. 

Рүстем қайратұлы, тілші:

- Біз қазір Абай облысындағы Алакөл жағалауындамыз. Туристік аумақ 300 гектардан 3 мыңға дейін ұлғайтылмақ. Қазір бас жоспар әзірленіп жатыр. Жер телімі белгіленген. Осылайша Алакөлге келетін туристер санын екі есеге көбейту жоспарланып отыр.

Астанадан келген сәулетші  Ерлан Жақыпбеков Алакөлдің жағалауын жаңғыртуға үлес қосып жатыр. Елорданың бас жоспарын әзірлеуге қатысқан кәсіби маман өңірде жаңа жобаларды жүзеге асырмақ. 

Ерлан Жақыпбеков, жобаның бас сәулетшісі:

- Шетелдік демалыс орындарынан тәжірибе алып, Шарм-эш-Шейх, Түркияның Белек демалыс орындарын қарадық. Яғни бірінші жағалауда 70 метрден кейін демалыс орындары түседі. Демалыс орындары үлкен-үлкен болады. Әр демалыс аймағының территориясы 8 гектардай болады. Яғни солай үлкен болуы керек. Сонда тазалық та сақталып, талаптарға сай болады.

Алакөл жағалауы жаңа кейіпке енеді. Жоба аясында 200-ден астам заманауи демалыс үйі салынады. Қонақ үйлер көлден небәрі 70 метр қашықтықта орналасады. Туристерге кедергі келтірмес үшін сауда дүңгіршіктері арнайы орындарға қойылады. Осылайша, қызмет көрсету жүйесі ретке келтіріледі. Сондай-ақ туристік аймақтың орталығында 5 мың адамға арналған әкімшілік ғимарат бой көтереді. 

Мейрам Битбаев, кәсіпкер:

- Әрине жақсы. Осыдан 20 жыл бұрын қандай еді, қазір қандай болды. Бұдан да ары қарай үлкейіп дамып жатса, неге қуанбасқа? Неге шетелдегі сияқты болмасқа? Түркия, Еуропадағыларға теңесе, табиғатымыз, көліміздің шипалы суы жетіп жатыр. Тек істеу керек осы тірлікті. 

Қазір демалыс маусымына дайындық қызу жүріп жатыр. Көп жылдан бері қордаланған қоқыс мәселесі де шешімін тауып, көлден 16 шақырым жерде қоқыс полигонының құрылысы басталды. Сонымен қатар тұрмыстық қалдық шығаратын компаниямен үш жылдық келісімшарт жасалды. 

Аслан Құсаинов, Мақаншы аудандық ТКШ бөлімі басшысының міндетін атқарушы:

- Барлық-Арасан тас жолынан 1 шақырым, Қабанбай ауылынан 7 шақырым жерде 8 гектар қоқыс полигонына орын дайындалып құжаттары рәсімделді. Оны қоршау жұмыстарына облыстық бюджеттен 20 млн қаражат сұратылып қазіргі уақытта жұмыс басталды. Алдыңғы полигонды қоршағаннан соң камераларды орнатып, шлагбаум орнатамыз.

Алакөлдің жаңа бас жоспары әзір. Құжат енді облыс әкімшілігі тарапынан бекітілгеннен кейін тиісті жұмыстар кезең-кезеңімен басталады. Жалпы жағалауды дамыту жобасы 15-20 жыл бойы жүзеге асырылады. 

Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Мәди Базарбеков

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz