Елордада электр энергиясын жеткізу тарифін арттыру мәселесі қаралып жатыр. Бұл туралы «Астана - Аймақтық Электржелілік Компаниясы» АҚ мәлімдеді, деп хабарлайды «24KZ».
Компания мәліметінше, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес реттелетін қызметтерге арналған тарифтерді уәкілетті мемлекеттік орган бекітеді. 2026–2030 жылдарға арналған электр энергиясын беру қызметінің тарифтері 2026 жылғы 24 сәуірде Астана қаласы бойынша Табиғи монополияларды реттеу комитеті департаментінің №14-ОД бұйрығымен бекітілген.
Қазіргі таңда барлық тұтынушылар тобы үшін электрмен жабдықтау тарифтері 2025 жылғы деңгейде сақталып отыр. Алайда компания маусым айынан бастап энергиямен жабдықтау қызметінің тарифін көтеру бойынша өтінім дайындауда.
Компанияның хабарлауынша, тарифтің өсуі бірнеше негізгі факторларға байланысты:
– электр энергиясын тұтыну көлемінің артуы;
– электр энергиясын жеткізу қызметтері құнының өсуі;
– KEGOC жүйелік қызметтерінің қымбаттауы;
– қуатқа дайындықты қамтамасыз ету шығындарының көбеюі;
– қызметкерлердің жалақысын индексациялау;
– жаңа энергетикалық нысандарды балансқа қабылдау.
«Астана-АЭК» тарифтер тек қолданыстағы заңнама аясында қолданылатынын атап өтті.
Компания өкілдерінің айтуынша, тарифтің өсуі электр желілерін жаңғырту және жүйеге түсетін жүктеменің артуымен байланысты. Жиналған қаражат ескірген жабдықтарды ауыстыруға, қосалқы станцияларды қайта жаңартуға, кабель желілерін жаңалауға және электр энергиясын есепке алу жүйелерін енгізуге бағытталмақ.
Сондай-ақ ірі жобалар қатарында «Самал», «Восточная», «Кирова» қосалқы станцияларын қайта жаңғырту және басқа да нысандарды жаңарту жоспарланып отыр.
Тарифтің нақты деңгейі туралы ақпарат бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жарияланып, қоғамдық тыңдаулар өткізіледі.
Тегтер #тариф #электр қуаты #Астана #24жаңалықтар #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz