Елде 7 млн-нан аса азамат жалдамалы қызметкер болса, 2 млн-нан астам адам, өзін-өзі жұмыспен қамтыған.
Осы ретте Үкіметте азаматтарды жұмыспен қамту мен NEET санатындағы жастардың мәселелеріне қатысты кеңес өтті. Жиынға Премьер-министрдің орынбасары - Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева төрағалық етті. Өңірлерде жыл сайын жұмыспен қамту карталары бекітіледі. Сол арқылы биыл 544 мыңнан астам адамды еңбекке тарту көзделіп отыр. Олардың 140 мыңы қазірдің өзінде қызметіне кірісті. Одан бөлек, алғаш рет еліміздің барлық өңіріндегі еңбек нарығына кешенді талдау жүргізілді. 73 мың кәсіпорын зерттеліп, ұсыныс пен экономика сұранысы арасындағы сәйкессіздіктер анықталды. Талдау нәтижелері, еңбек нарығындағы сұраныстың технологиялар мен жасанды интеллект саласына қарай ойысып келе жатқанын көрсетті. Бұл ретте техникалық және кәсіптік білімі бар мамандарға, ең алдымен колледж түлектеріне деген қажеттілік жоғары деңгейде сақталып отыр. Осыған байланысты Аида Балаева кадр даярлаудың тиімді жүйесін қалыптастыру үшін барлық мемлекеттік органның үйлесімді жұмыс істеуі қажет екенін атап өтті. Үкімет басшысының орынбасары екінші маңызды бағыт ретінде жұмыссыз азаматтармен, атаулы жұмыс жүргізуді белгіледі. Оның айтуынша, статистикалық деректердің артында, нақты адамдар тұрғанын ескеріп, әр азамат үшін жеке жұмыспен қамту тра-ек-ториясын қалыптастыру маңызды. Соңғы үш жылда NEET жастарының үлесі төмендеп келеді. Былтыр елдегі орташа көрсеткіш 6 пайызды құраған.
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #жастар #жұмыспен қамтуPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz