Қызылорда облысының экономикасын дамытуға, ғалымдар да атсалысады. Бұл туралы облыс орталығында өткен фор-сайт сессияда айтылды.
Күріш егуден бастап, Аралдың экологиясын оңалтуға дейінгі ауқымды жұмыстарға Ұлттық ғылым академиясы қолдау көрсетпек. Басқосуда, балық шаруашылығы мен мұнай өндірісін дамыту жолдары да талқыланды.
Елдегі күріштің 90 пайызы Қызылорда облысында өндіріледі. Алайда, су тапшылығы мен топырақ құнарының төмендеуі салаға айтарлықтай кедергі. Сондықтан ғалымдар алдында су үнемдеу технологияларын енгізіп, өнімділігі жоғары жаңа сорттарды шығару міндеті тұр.
Ардақ Зебешев, облыс әкімінің орынбасары:
- Жыл сайын 500 мың тоннаға жуық өнім жиналады. Осыған байланысты біз үшін су үнемдеу технологияларын енгізу, жаңа жоғары өнімді күріш сорттарын шығару, топырақ құнарлылығын арттыру және агротехнологияларды жетілдіру бағытындағы ғылыми зерттеулердің маңызы зор.
Тек егін емес, өңірдегі балық шаруашылығы мен мұнай өндірісі де ғылыми қолдауды қажет етеді. Ал Арал өңірінің экологиялық мәселелерін шешуде ғалымдар кешенді жұмыстарды бастап кетті.
Майнұр Бөрібаева, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің проректоры:
- Ғылыми-зерттеу жұмыстарының басым бағыттары біздің университетте ауыл шаруашылығы қалдықтарын қайта өңдеу, Арал өңірінде жаңа дақылдарды жерсіндіру, топырақтың құнарлылығын арттыру.
Ұлттық ғылым академиясы өңірлер үшін арнайы әдістемелік ұсынымдар әзірледі. Бұл жергілікті бюджет есебінен өткізілетін конкурстардың ашықтығы мен тиімділігін қамтамасыз етпек.
Елена Шевченко, ҚР Президенті жанындағы ҰҒА вице-президенті:
- Біз өңірлер үшін басымдықтарды анықтау әдістемесі мен үлгілік конкурстық құжаттарды әзірледік. Бұл жергілікті ғылымның нақты өндіріске жұмыс істеуіне жол ашады.
Тың жобалар Сыр өңірінің экономикалық әлеуетін нығайтуға серпін береді,-дейді ғалымдар.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #ғылыми жобалар #экономика #жарнамаPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz