Отан қорғаушылар мерекесі қарсаңында Оралда алып кеме құрылысы аяқталды.
Қорғаныс министрлігінің тапсырысы бойынша «Зенит» зауытында жасалған кемеге, көрнекті мемлекет қайраткері Дінмұхамед Қонаев есімі берілді. Кемені суға түсіруге арналған салтанатты рәсімге аймақ басшысы Нариман Төреғалиев, экипаж мүшелері, зауыт ұжымы қатысты.
Отандық кеме жасау ісінің флагманы саналатын Зенит зауытында бұған дейін Сұңқар, Бүркіт, Барыс үлгісіндегі 36 су көлігі құрастылыпты. Алайда, «тоғыз ұлым бір төбе, Ер Төстігім бір төбе» демекші, соңғы кеменің жөні бөлек. Су ығыстыру салмағы 720 тоннаны құрайтын алып кеменің ұзындығы 51, ені 9 жарым метр. 8 балдық теңіз дауылына төтеп береді. Жылдамдығы 16 узел, үйреншікті өлшемге аударғанда сағатына 30 шақырым жылдамдықпен жүзе алады.
Бауырғали Имашев, кеме командирі:
- Жаңа техникалармен қамтамасыз етілген. Қазақстан Республикасының әскери-теңіз күштерінің кемелері мен катерлерін материалдық-техникалық жағдайымен қамтамасыз етуге арналған кеме. Атап өткенде дизельдік отынмен, ауыз сумен және азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін салынған.
Кеме құрылысына Зенит зауытының 600-дей жұмысшысы жұмылыпты. Салтанатты шарада сөз алған облыс әкімі Нариман Төреғалиев еліміздің қорғаныс қабілетін күшейту жөніндегі Президент тапсырмасын орындау маңызды міндет екеніне екпін түсірді.
Нариман Төреғалиев, БҚО әкімі:
- Тұңғыш рет Қонаев атындағы кеме суға түсіріліп жатыр. Әрі қарай осындай тапсырыстар бола береді. Тек қана кеме емес, одан басқа да катерлер және тұтынушыларға басқа да бұйымдарды шығарып жатыр осы зауыт. Сондықтан зауыттың ұжымына осындай үлкен кемені жасап шығарғандары үшін Батыс Қазақстан облысының халқының атынан алғыс айтамыз.
Оралда жасалған алып кеме Жайық арқылы Каспийге жол тартып, еліміздің теңіз шекарасын күзетпекші.
Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Э. Аюпов
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #Каспий #кемеPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz