RU
Толық нұсқаға өту

Серәлі Қожамқұловтың туғанына 130 жыл

05.05.2026, 23:50 33

Биыл қазақ театр және кино өнерінің негізін қалаушылардың бірі, ұлттық сахна өнерінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан көрнекті тұлға Серәлі Қожамқұловтың туғанына 130 жыл.

Бұл бір адамның өмірі емес, тұтас өнердің тарихы. Алматыдағы Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар мен дыбыс жазбалары архивінде, актердің өмірі мен шығармашылығы жайлы көрме ашылып, естеліктер айтылды.

Серәлі Қожамқұлов - өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары қазақ топырағында шымылдығы түрілген кәсіби театрдың алғашқы қарлығаштарының бірі.  Қызылорда қаласына іргетасы қаланған театрда тұңғыш рет Мұхтар Әуезовтың «Еңлік – Кебек» трагедиясы қойылып, ол алғаш рет Еспембет рөлін сомдайды. Кәсіби өнерге осылайша аяқ басқан актер ғұмырының соңғы сәттеріне дейін сахна өнеріне қалтқысыз қызмет етті.

Еркін Жуасбек, М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының директоры:

- Өмірінің соңына дейін Мұхтар Әуезов театрында жұмыс істеді. Тек бір рөлдің өзі Еспембеттің рөлін Еңлік-Кебек спектаклінде өмірінің соңына дейін бірінші болып, жалғыз өзі ойнап жүрді. Қазақ театрының сахнасында жасаған Қоңқайы, бұл кісінің былайша айтқан кезде бүгінгі жас актерлік мектебі үшін алғашқы әліппелер деп қазақтың театрына, тарихына жазылып жүр.

Серәлі Қожамқұловтың өмір жолы қаза берсең қазыналы, іздей берсең ілімі мол. Ол тек театрда ғана емес, кинода да елеулі із қалдырды. Өнерде жүріп шәкірт тәрбиеледі, ұрпақ өсірді. Артында қалған балалары мен немерелері де өнерден алыстаған жоқ. Бүгінде олар әке жолын жалғап келеді.

Әсел Мусинова, С. Қожамқұловтың немересі:

- Атам менің 10 жасымда өмірден өтті. Ол кісі менің есімде актер ретінде емес, мейірімді ата ретінде қалды. Бірақ үйде репитиция жасағандарын көрдім, апаммен бірге атам ойнаған спектакльдерге баратынбыз. Ең соңғы ойнаған қойылымы «Ана жер анаға» барғаным есімде. Ол кісі балаларының қандай мамандық таңдаса да, музыкалық сауаты болғанын қалайтын.

Алматыдағы  Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар мен дыбыс жазбалары архивінде Серәлі Қожамқұловтың көптеген фотосуреттері сақталған. Мерейтойлық көрме актердің өмірі мен шығармашылық жолын, сондай-ақ, қазақ кәсіби театрының қалыптасу кезеңін қамтиды. Келушілерге мұрағат қорындағы 1972 жылы «Қазақфильм» киностудиясы түсірген «Сераға» деректі фильмі көрсетілді.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Айбек Ақшолақов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz