Бүгін қобыз өнерінің падишасы Фатима Балғаеваның туғанына 100 жыл толды. Оның ұлттық музыкалық аспаптың дамуына қосқан үлесі өлшеусіз.
Айтулы күні Алматыда дара қобызшыны ұлықтауға арналған, бірқатар шара өтті. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында халық әртісінің мүсіні қойылды. Ал өзі тұрған үйдің қабырғасына, мемориалдық тақта ілінді. Сондай-ақ шәкірттері еске алу концертін ұйымдастырды.
Фатима Балғаева өнерге 15 жасында-ақ келеді. Бұл сұрапыл соғыстың қайнап тұрған сәті еді. Еш қиындыққа бойұсынбаған қыздың таланты бірден байқалады. Заманның тарлығына қарамастан Қазақ ұлттық консерваториясына түсіп, Ахмет Жұбановтың шәкірті атанады. Ғасырлар қойнауынан жеткен аспаптың оркестр құрамындағы өзінің орнын алуына ерекше еңбек сіңірді. Кәсіби қобыз аспабында орындаушылық мектебінің негізін қалады. Жарты ғасыр ғұмырын өзі оқыған оқу ордасына арнады. Бүгін міне, Фатима Балғаеваның мүсіні консерваторияға қойылды.
Төрехан Кәрібаев, қобызшы, Фатима Балғаеваның шәкірті:
- Бірінші болу оңай емес енді. Ол кезде қобыздың кәсіби мамандары болмаған. Сол бірінші Ахмет Жұбанов атындағы қобыздан консерватория ашылған кезде скрипач, әлемге белгілі скрипач Лесман Иосиф Антоновичке айтып оқытқан. Ол кісі қобыздан сабақ берген болатан.
Фатима Балғаева қазақтың қара қобызын әлемге таныта білді. Ол алғашқылардың бірі болып 1951 жылы Берлин фестивалінде лауреат атанды. Кейіннен өнермен ұстаздықты қатар алып жүрді. Бүгінде одан білім алған жүзден астам қобызшы бар. Ұстазын ұлықтаған шәкірттер Фатима Балғаеваның 100 жылдығына концерт ұйымдастырды.
Макира Мырзақұлова, қобызшы, Фатима Балғаеваның шәкірті:
- Айта беретін болсақ, ол кісінің қазақ еліне сіңірген еңбегі өте зор. Мына әдістемелерді алғашқы жасаған, кәсіби деңгейге шығарған да осы Фатима Жұмағұловна Балғаева. Жүз жылдығына орай көптеген іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Апайымыздың жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын.
Халық әртісі ұлттық аспап домбырада да шебер ойнады. Ол - «Жез киік», «Былқылдақ» күйлері мен Абайдың «Айттым сәлем Қаламқас» әндеріне жаңа дем берді. Фатима Балғаеваға арнап Евгений Брусиловский соната жазды. Бұл қобызшы туралы халық білетін еңбектің бір бөлігі ғана. Фатима Жұмағұлқызы тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылды.
Авторлары: Ернұр Рысбай, Эдуард Кон, Әбен Нарымбаев
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #фатима балғабаева #қобызшыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz