Шымкентте кәмелетке толмағандарды әуе кемесімен тасымалдауға қатысты дау шықты.
Белгілі заңгер Евгений Яворский SCAT компаниясын ақылы қызметтерді негізсіз міндеттеді деп айыптады. Айтуынша, қызын Алматы рейсіне тіркеуден бас тартқанда қосымша "сүйемелдеу" қызметін алуға мәжбүр болған. Алайда төлем жасалса да іс жүзінде ешқандай күтіп алу немесе шығарып салу қызметі көрсетілмеген.
Тасымалдаушының бұл талабы қаншалықты заңды?
Евгений Яворский қызы Алматыға ұшпақ болғанда қосымша ақылы қызмет міндеттелгенін айтады. Ал «қолданыстағы заңнамаға сәйкес, таңғы 06:00-ден кейінгі рейстерде кәмелетке толмағандар үшін мұндай талап қойылмауы тиіс», дейді заңгер.
Евгений Яворский, заңгер:
- Әуе компаниясының қызметкерлері бізді рейске тіркеуден бас тартты. Себебі біз міндетті түрде «сүйемелдеу» қызметін сатып алуымыз керек екен. Жарайды мен келісім беріп, 16 мың теңге төледім. Бірақ ереже бойынша ақы алынғаннан кейін баланы ұшаққа кіргізіп, шығарып салуы керек еді. Іс жүзінде ондай қызмет мүлдем көрсетілген жоқ.
Азаматтық авиация комитеті өкілдерінің айтуынша, жолаушылар құқығына қатысты бекітілген нақты ережелер бар. Ресми мәлімдемеге сәйкес, 16 жастан асқан азаматтардың ел аумағында ересектерсіз ұшуына рұқсат етілген. Ал «ақылы сүйемелдеу қызметі» тек түнгі сағат 23:00-ден таңғы алтыға дейін талап етіледі. Қалған уақытта мұндай шектеулер заңға қайшы келеді. Сондықтан жолаушылар төленген ақшаны толық қайтарып алуға, тіпті келтірілген шығын үшін өтемақы талап етуге құқылы.
Заңғар Байғазы, ҚР Көлік министрлігі азаматтық авиация комитеті басқармасының басшысы:
- Арыз түсіп жатса біз сол арыз аясында тексеріс ашамыз. Тексерісті толық жүргіземіз. Камераларды алдырамыз. Толық жүргізген соң нақты арыз жазған кісіге ресми түрде жауап жолданатын болады комитет тарапынан. Көбінесі біз сол қайтарып беруді, моральный ущерб дейді соның бәрін, халықты қолдауды, халыққа қызмет көрсету жағынан қол ұшын созып көмектесеміз.
Евгений Яворский компания өкілдерінің шағымға жауап бермегеніне ашынады. Сондықтан ол мұндай жағдайға талай жолаушы тап болуы мүмкін деп есептейді. Ал тұтынушылардың арызы елеусіз қалса, олардың мүддесін мемлекеттік орган қорғайды.
Оспан Әбиев, қалалық сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау департаменті басшысының орынбасары:
- Жауап бермеген жағдайда әкімшілік жауапкершілікке алып келеді кәсіпкердің. Соған қараймыз, тексеру ашамыз. Одан кейін төртінші стадияда сотқа беріледі. Сотқа 10-нан асқан жағдайда тұтынушылар біз өз атымыздан бере аламыз департамент. 10-ға дейін болған жағдайда тұтынушылар өздері береді. Бізді үшінші жақ ретінде тартса болады.
Осы жағдайға байланысты SCAT әуе компаниясының өкілдері жазбаша жауап берді. Тасымалдаушының мәлімдеуінше, 24 сәуір күні Шымкент - Алматы рейсіне тіркелу кезінде жүйеде техникалық қателік кеткен. Сондықтан төленген соманы толық қайтарып, жолаушыдан кешірім сұрайтынын жеткізді.
Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Мұсатов
Тегтер #Шымкент #кәмелетке толмағандар #әуе тасымалы #24KZ #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz