Таразда кәсіпкердің 15 аттракционды рұқсат құжаттарынсыз өз бетімен орнатқаны белгілі болды.
Нысандар осы күнге дейін 5 жыл бойы заңсыз жұмыс істеп келген. Олардың арасында 80 миллион тұратын шолу дөңгелегі де бар. Қазір қалалық әкімдік аттракциондарды алып тастап, аумақты босату үшін сотқа жүгінді.
Бұл аттракциондар Жеңіс саябағында бес жыл бұрын орнатылды. Осы күнге дейін рұқсат құжаттарынсыз істеген. Саябақтың бұл бөлігін коммуналдық мекеме 2019 жылы кәсіпкерге 3 жылға жалға берілген. Алайда кейін бұл келісімшарттың заңсыз жасалғаны белгілі болып, жер мемлекетке қайтарылған. Соған қарамастан кәсіпкер аттракциондарды пайдалануды тоқтатпаған.
Гүлшат Айтбаева, қалалық құқықтық қамтамасыз ету бөлімшесінің басшысы:
- Қойылған жер теліміндегі аттракциондардың барлығы техникалық құжаттары жоқ. Сәйкестік сертификаттары жоқ. Сол себепті заңсыз орналастырылған. Бірде бір құқық беретін құжаттарсыз орналастырылған деп біз осы 2021 жылдан бері бүгінге дейін 10 сот отырысы өтті.
Қалалық әкімдік бірнеше рет ескерту жасағанымен кәсіпкер оған құлақ аспай, қызметін жалғастыра берген. Енді аттракциондардың жұмысын тоқтату үшін қайта сотқа жүгінбек.
Жалпы қала орталығындағы демалыс саябағында 42 аттракцион бар. Механиктер бәрін күн сайын тексеріп отырады. Себебі ешқандай ақау болмауы тиіс.
Равшан Муксимов, саябақтың бас механигі:
- Алматылық фирмамен келісім бар. Олар дефектаскоппен келіп, толық металды тексеріп береді. Біз өзіміз ақпанда толық актракциондарды жүктеп тексереміз. Негізгі жұмыс қыста болады. Толықтай шашып-жинаймыз, жазда техникалық қолдау болады.
Фариза Елекбаева, қала тұрғыны:
- Кейде ата-анамызбен келіп тұрамыз. Кішкентай қызымды да алып келемін. Әсіресе балаларды қорғау күні келе жатыр ғой. Сол демалу, тынығу үшін келеміз. Сол кезде паркке барып демалып келейікші дейміз.
Орталық саябақтағы нысандардың дені жаңа. Дегенмен пайдалану мерзімі 80 жылға жуықтаған құрылымдар да бар. Соған қарамастан жоспарлы күтім мен тұрақты тексерістің арқасында олар қауіпсіз жұмыс істеп тұр. Ал әкімдік өкілдері қауіпсіздік талаптары толық орындалған жағдайда аттракциондардың жұмысына ешқандай кедергі болмайтынын айтады.
Авторлары: Мерей Бает, Бақытжан Бапаев, Елдар Байділда
Тегтер #Тараз #аттракциондар #Заң мен тәртіпPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz