Қызылордада 240 пәтер пайдалануға берілді. Жалдамалы баспана кілті тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға табысталды.
5 қабатты 6 тұрғын үй Сырдария өзенінің сол жағалауындағы жаңа шағын ауданда бой көтерді.
Жалпы аумағы 15 мың шаршы метрді құрайтын 6 тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, халық игілігіне берілді. Жаңа қоныс иелерін қала әкімі Нұржан Ахатов құттықтап, баспана кілтін салтанатты түрде тапсырды. Қала басшысының айтуынша, өңірде құрылыс индустриясы қарқынды дамып жатыр.
Нұржан Ахатов, қала әкімі:
- Биылғы жылы жалпы тұрғын үй құрылыс саласына 58 миллиард теңгенің көлемінде қаржы бөлінді. Бұл қаражатқа жыл көлемінде міне, көпқабатты тұрғын үйлер, 31 көпқабатты тұрғын үйлерді салатын боламыз.
Бұл жолы берілген пәтерлер әлеуметтік осал топқа жататын отбасыларға, оның ішінде көпбалалы аналар мен мүгедектігі бар жандарға үлестірілді. «Үй сапалы салынған және айналасындағы инфрақұрылым дамыған», - дейді тұрғындар. Жаңа үйлердің аумағында мектеп, спорт алаңдары мен демалыс орындары қарастырылған.
Гүлнұр Қазбекова, қала тұрғыны:
- Үш бөлмелі пәтер алып жатырмыз, бір жағынан көп балалы анамын. Қарама-қарсы мектебіміз бар, стадионымыз жақын, қасымызда.
Айдана Ниятова, қала тұрғыны:
- Осы бес баланың несібесіне өте сапалы, кең, жарық үй сыйлап беріп жатыр. Аллаға шүкір. Жалпы өте керемет, сол жағалауда жан-жағымыздың бәрі қоршалған үлкен 7 қабатты, 9 қабатты, 5 қабатты үйлер салынған. Қаланың көркін келтіріп тұр, бұрынғыға қарағанда.
Мамандардың мәліметінше, жыл басынан бері Қызылордада 655 отбасы баспаналы болды. Жыл соңына дейін тағы 1581 пәтер кезектегі тұрғындарға беріледі деп жоспарланып отыр.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Ақан Әлиев
Тегтер #Қызылорда #пәтер #жалдамалы баспанаPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz