RU
Толық нұсқаға өту

Кенжебай Мәденовке «Халық қаһарманы» атағы берілді

06.05.2026, 17:48 36

Бүгін Мемлекет басшысы тиісті Жарлыққа қол қойып, айрықша ерекшелік белгісі – Алтын жұлдыз бен «Отан» орденін марқұмның ұлына салтанатты түрде табыс етті. 

Сұрапыл соғыс жылдары жауға қарсы шапқан батыр отандасымыз Берлин операциясына қатысып, взвод командирі ретінде қандыкөйлек жолдастарымен бірге Берлиннің Ратуша ғимаратына Жеңіс туын ілді.

Батыстан шыққан батыр. Ел басына күн туған шақта майдан даласына аттанған Кенжебай Мәденов 19 жасында взвод командирі атанған. 266-шы атқыштар дивизиясы құрамында жауға қарсы шапқан ол Дон, Донбасс, Днепр, Висла сынды бағыттарда шайқасып, кескілескен ұрыстарда ерлік танытқан. Жауды Берлинге дейін қуып барған Кенжебай Мәденов соғыста 2 мәрте жараланған. 45-ші жылдың 29-шы сәуірінде лейтенант Мәденов бастаған взвод алдына маңызды тапсырма жүктеледі. Фашизмнің Рейхстагтан кейінгі негізгі ұясы Ратуша үйіне басып кіріп, ту тігу қажет. Маңызды операция барысындағы қазақтың қайсар ұлының ерлігі жайлы маршал Жуковтың өзі «Естеліктер мен толғаныстар» шығармасында былай баяндаған:

Кенжебай Мәденов ұрыс жылдары 2 мәрте «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталған. Талай шешуші шайқаста ерлік танытса да, солақай саясаттың кесірінен Кеңес Одағының батыры атағы берілмеді. Қазақтың қайсар ұлының өмірден өткеніне жарты ғасырдан асты. Жылдар өтсе де, батырдың аты өшпеді. Бүгін Мемлекет басшысы марқұм Кенжебай Мәденовке «Халық қаһарманы» атағын беру туралы Жарлыққа қол қойып, тарихи әділдікті орнатты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Өкінішке қарай, бұл тарихи мән-маңызы айрықша даңқты ерлік осы кезге дейін лайықты бағасын алған жоқ. Сондықтан мен Ұлы Отан соғысында көрсеткен жанқиярлығы мен батылдығы үшін марқұм Кенжебай Мәденовке «Халық қаһарманы» атағын беру туралы Жарлыққа қол қойдым. Осылайша, біз бүгін бір ел болып тарихи әділдікті қалпына келтіріп отырмыз.

Осы күнге дейін Кенжебай Мәденовтың ерлігі жайлы қазақ, орыс, неміс жазушылары талай шығарма жазып та үлгерген. Ал Атырау қаласындағы көшелердің біріне батырдың есімі де берілген.

Махамбет Мәденов, Кенжебай Мәденовтың ұлы:

- Айтатын сөз көп, тіпті қолымда ұстап тұрып сенбей отырмын. Атырау өңірінде қаншама адам осы награданы күтті. Еліміз егемендік алғаннан кейін, 90-жылдары атыраулық журналистер осы мәселені көтеріп, «Халық қаһарманы берілсін» деп бастаған еді. 1999 жылы Қошқарбаевқа «Халық қаһарманы» атағы берілді. Содан бері күтіп келеміз, міне бүгін сәті түсті. Мұны тарихи күн деп есептеймін.

1969 жылы Жуков жазғаннан кейін де ол награда берілмейтін шығар деп жүрген едік.

Айта кету керек, марқұм Кенжебай Мәденовтың алдында үш ағасы майданға аттанған еді. Соның екеуі елге қайтып оралмады. Кенжебай Мәденов соғыс аяқталғаннан кейін де ұзақ жылдар бойы ұлттық қауіпсіздік қызметінде еңбек еткен.

Авторы: Риат Шони

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz