Алматы облысының Ұйғыр ауданында тұратын соғыс ардагері Алым Кебиров биыл 103 жасқа толады.
Беларусь және Украина майданында жаумен шайқасып, Белгород, Львов қалаларын азат етуге қатысқан батыр атамыздың айтар естелігі көп.
Ғасыр жасаған соғыс ардагерінің денсаулығы сыр беріп, бойындағы қуаты кеми бастағанымен, «Катюша» әні шырқалғанда жігерленіп сала береді. Ең алғаш рет Валентина Батищева орындаған бұл музыкалық туынды сол бір отты жылдарда майдан даласындағы жауынгерлермен қоса бүкіл халықты жігерлендірді. 18 жастағы бозбала Алым Кебирв 1942 жылдың 22 ақпанында неміс басқыншылары басып алған қалаларды жау қолынан азат ету үшін соғысқа аттанды. Алдымен Белоруссия майданында болып, Украинаны неміс басқыншыларынан азат етуге қатысты.
Алым Кебиров, соғыс ардагері:
- 102 жасқа келдім. Бұл да Құдайдың берген жасы. Бұдан кейін жастарға айтатыным, жұмыс істеу керек, жұмысты адам істеу керек. Шыны керек, 54 жыл істедім. Соғыс болмасын, сұм соғысты көрмейік! Қазақстанда жақсылық болсын!
Алым Кебиров соғыстан оралған соң жарты ғасырдан астам уақыт бойы колхозда еңбек етіп, зейнет демалысына шықты. Зайыбы екеуі 6 ұл, 2 қыз тәрбиелеп өсірді. Солардан тараған ұрпақтың өзі бүгінде бір қауым елге айналды.
Талғатжан Кебиров, Алым Кебировтың ұлы:
- Төрт ағамыз қайтыс болып кетті. Қалғандарымыз бармыз. 27 немере, 67 шөбере, үш шөпшек, солай атаның бала-шағалары. Атамызбен мақтанамыз. Сол атамыздың арқасында осы күнге келіп, жүріп жатырмыз. Атамызға мың алғыс!
Құлағы қағыс еститіні болмаса, Алым атамыз әлі тың. 8 мамыр күні аудан орталығы Шонжыда 102 жасқа толуына орай ақ дастархан жаятынын айтты және ол тойға біздің түсіру тобымызды арнайы шақырды. Кеңес әскерінің жауынгері үйіне келген қонақтарды әлі күнге дейін қақпасының алдынан тік тұрып, шығарып салады.
Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Аманжол Жөңкешов
Тегтер #Алматы облысы #ардагер #соғыс #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz