«Жасыл экономикаға» көшу тұжырымдамасына сәйкес 2050 жылға қарай жаңартылатын және баламалы энергия көздерінің үлесі жалпы энергия тұтынудың 50%-ына жетуі тиіс.
Осы мақсатқа жетуде Батыс Қазақстан облысында ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. Оралдың оңтүстік-батысында жуырда, құрылысы басталатын қуаты 50 мегаваттық жел электр станциясының уақыт кап-суласы салынды.
Орал өңірі айына 171 млн квт/сағат электр қуатын тұтынады. Соңғы 3 жылда электр энергиясын пайдалану мен өндіру 22 млн кВт/сағатқа өскен. Бұрын электр қуаты негізінен газотурбиналық агрегаттар арқылы өндірілсе, енді жаңартылатын энергия көздеріне көңіл бөлініп жатыр. Оралдың маңынан салынатын 50 мегаваттық жел станциясы экологиялық тұрғыда тиімді болмақ. Жобаға инвесторлар 21 млрд теңге құяды.
Гао Венке, инвестор:
- Құрылысты осы айда бастаймыз. Келер жылы тамызда тапсырамыз. Стансаға 20 жылға кепілдік береміз. Бұған дейін зерттеу жұмыстарын жүргіздік. Желдің қуаты өте жақсы.
Сондай-ақ биыл Өнеге ауылында 5 мегаваттық гибридті электр станциясы салынады. «Осы арқылы өңірдің энергожүйесінен оқшау жатқан шалғайдағы Бөкей ордасы мен Жәнібек аудандары көрші Ресейге тәуелділіктен құтылады. Болашақта басымдық жаңартылатын қуат көздеріне беріледі», - дейді өңір басшысы Нариман Төреғалиев.
Нариман Төреғалиев, облыс әкімі:
- Президенттің айтқан тапсырмасына сәйкес біз жаңартылған осындай энергия көздері – ол күн бола ма, жел бола ма, бәрін қосқанда 50% жеткізу керек, бүгін біз осыны қолға алып жатырмыз. Бұл не береді? Бізге 50 МВТ қосымша электр энергия береді деген сөз. Содан кейін экологиялық мәселе. Бұның ауаға ешқандай зияны жоқ. Міне, осының барлығы облысымыздың энергетикалық қауіпсіздігіне қамтамасыз етеді.
Өңірде сондай ақ желілерді жаңғыртуға да мықтап мән беріліп келеді. Соңғы үш жылда бұл салаға 45 млрд теңге бағытталған. Барлығы 7 мыңға жуық электр желілері жөнделіп, 2 мың шақырым желі жаңадан салынған.
Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов, Э. Аюпов
Тегтер #БҚО #жел электр станциясы #жасыл экономикаPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz