RU
Толық нұсқаға өту

Биыл Жеңістің 81 жылдығын 14 алматылық ардагер қарсы алады

06.05.2026, 23:25 36

Олардың қатарында Александр Журавлев пен Владимир Белозеров бар. Екеуі де осы жылы 101 жасқа толды. 

Ғасыр жасаған майдангерлерді Алматы гарнизонының әскери қызметшілері, ардагерлер кеңесі мен жастар ұйымының өкілдері үйлеріне барып құттықтады. Қорғаныс министрінің атынан құттықтау хат пен сыйлықтар табыстады. Қариялар болса, 80 жыл бұрынғы естелігін бөлісті.

«Соғыс – адамзат баласының басына түскен ең үлкен қасірет. Оны ұмыту мүмкін емес. Майданға аттанғанда небәрі 17 жаста едім», - дейді Александр Журавлев. Бұл 1943 жыл болатын. Ол жастығына қарамастан, Карелия майданында артиллерия полкінің барлаушысы болды. Бір жылдан кейін ең ауыр шайқастарға қатысып, Украинаны азат етуге, жауынгерлерді Эльба өзенінен өткізуге атсалысты. Александр Журавлев Берлинге дейін жетті. Алайда соңғы шайқасқа қатыспаған. Батальон командирі барлаушыларды шабуыл тобы құрамынан шығаруды бұйырған. Қарт майдангердің  айтуынша, осы жайт оның өмірін сақтап қалған болуы мүмкін.

Александр Журавлев, соғыс ардагері:

- Сендер барлаушысыңдар, біздің көз бен құлағымызсыңдар. Бұл сендердің жұмыстарың емес, жаяу әскердің міндеті деп, бізді алып шықты. Ары қарай өзіміз жалғастырамыз деді. Кейін Дрезденге бардық. 9 мамыр күні түнде Прагаға кірдік. Ал таңертең соғыстың аяқталғанын хабарлады. Сол кездегі қуанышты айтып жеткізу мүмкін емес.

Соғыстан келісімен Александр Журавлев құрылыс институтында білім алады. Отбасын құрған соң арктикалық аймақтағы Норильск қаласына қоныс аударады. Онда біраз жыл тұрған соң қайта Алматыға көшіп келеді. Мұнда ол құрылыс саласында жауапты қызметтер атқарды. Еңбегі еленіп марапатқа ие болады. Журавлевтің жанұясы өте тату. Қызынан тараған жиендері өсіп жатыр.

Антонина Громцева, Александр Журавлевтің немересі:

- Атам мен әжем бізді бойымызға отбасы құндылығын сіңіріп тәрбиеледі. Үлкендерді құрметтеуді, жақындарына қамқор болуға үйретті. Отанды қорғау міндет екенін үнемі айтып отырады. Білім ал, адал еңбек ет сонда мақсатыңа жетесің дегенді естіп өстік.

Ардагер Владимир Белозеров та биыл 101-ге аяқ басты. Александр Журавлевпен түйдей құрдас. Туған жері – Шымкент. Қазір Алматыда тұрады. Владимир Белозеров та майданға 17 жасында аттанған. Алдымен Барнаул жаяу әскер училищесінде оқып, офицер шенін алуы тиіс еді. Алайда 1943 жылы майдандағы жағдай күрделеніп, училище толық құрамымен соғысқа жіберіледі.

Владимир Белозеров, соғыс ардагері:

- Мен Украинаны азат етуге қатыстым. Біз фашистерді Днепрге дейін қудық. Олар өзеннің оң жағалауына табан тіреп, биік, тік жағалауға бекініп алды. Ол жер бақылауға да, атқылауға да өте қолайлы болды. Ал біз қайтсек те Днепрден өтуге тиіс едік.

Днепрден өткен кезде Владимир Белозеров ауыр жарақаттанады. Денсаулығына байланысты әскери қызметін аяқтауға тура келеді. Бес жыл бойы емделеді. Сауыққан соң Мәскеу индустриалды институтына оқуға түседі. Кейін отбасымен өзі армандаған қаласы Алматыға көшіп келеді. Ұзақ жыл құрылыс саласында еңбек етіп, кеудесіне орден, медаль тақты. Ұрпағы аталарын мақтан тұтады. 

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Мұхит Құдықбаев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz