RU
Толық нұсқаға өту

СҚО-дағы отбасы өзін өрттен арашалаған полицейлер туралы естелігімен бөлісті

07.05.2026, 19:23 43

Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері былтыр қызмет үстінде бүтін бір отбасын өлім аузынан құтқарып қалған еді.

Олар түнгі кезекшілік кезінде өртеніп жатқан үйді байқап, бірден көмекке келген. Патрульдік полиция батальонының қызметкерлері кәмелет жасқа толмаған 3 баланы қызыл жалыннан аман алып қалды.

Астраханка ауылының тұрғыны Зарина Бердалина өткен жылдың 24 мамыр күнін күрсіне еске алады. Түнде оның үйі отқа оранған. Көрші бөлмеде 3 баласы болған.

Зарина Бердалина, Астраханка ауылының тұрғыны:

- Мен ештеңе түсінбей абдырап қалдым. Үйдің іші қою түтін. Бір қарасам полиция қызметкерлері балаларды көрпеге орап, сыртқа шығарды. Олар болмағанда бәрі қайғылы жағдаймен аяқталар еді. Сондықтан тәртіп сақшыларына алғыс айтамын. 

Шатырдан будақтаған түтінді «Петропавл - Астана» тасжолында кезекшілік етіп жүрген полиция инспекторлары байқап қалған. Руслан Қасымов пен Сәбит Ғабитов өрт шыққан үйге жетіп, отбасын өлім аузынан аман алып қалды.

Руслан Қасымов, Петропавл қалалық ПБ патрульдік полиция батальонының инспекторы:

- Күн суық болды. Оның үстіне екпінді жел тұрды. Жанып жатқан үйді көріп, дереу түрде сол жаққа жеттік. Балаларды сыртқа шығарып, өртті сөндіруге кірісіп кеттік. Әйтеуір адамдар аман қалды.

Сәбит Ғабитов, ПД патрульдік полиция батальонының инспекторы:

- Балалардың ең кенжесі ұйқылы-ояу жылап жатты. Бірінші болып оларды көлікке апарып отырғыздық. Кейін қолда бар заттармен өрт сөндіруге тырыстық. 

Солтүстік Қазақстан облысында күн сайын 350 полиция мен әскери қызметкер кезекшілікке шығады. Олар қоғамдық тәртіпті қадағалап, келеңсіз жағдайға түскен әр адамға қол ұшын созуға дайын.

Айдарбек Атмұхамбетұлы, Төлеген Иманов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz