Шымкенттен екінші дүниежүзілік соғысқа аттанған 29 ардагердің есімі араға 81 жыл салып белгілі болды. Майдангерлер сұрапыл соғыс жылдарында әскери комиссарияттарда тіркелмей қалғаны анықталды.
Сала мамандары тарихи әділдікті орнату мақсатында із-түзсіз жоғалған боздақтардың мүрдесін тауып, олардың ерлігін дәріптеуге ерекше көңіл бөліп жатыр. Бұл жұмыстардың келер ұрпақ үшін маңызы қандай?
Сапарғали Түймебеков екі бірдей атасының соғыс даласында ел қорғағанын енді ғана дәлелдеді. Архивтерді ақтарып, тарихи деректерді қайта зерделеудің нәтижесінде жауынгерлердің есімі ескеріліп, ерлігіне тиісті баға берілген. Ендігі арманы із-түзсіз жоғалған атасының зиратын тауып, бір уыс топырағын туған жерге жеткізу.
Сапарғали Түймебеков, «Застава тарландары» республикалық шекара ардагерлері ҚБ филиалының басшысы:
- Анам марқұм айтып отыратын. Сол атамыздан қара қағаз келген. Әжеміз қолында сақтап жүретін шапанында. Бірақ қашан жерленгені беймәлім. Ниетіміз Сәтемір атамыздың топырағын алып келіп, өзіміздің кіндік қана тамған жеріне, мазаратқа қойып, құран бағыштап, мал сойып еске алсақ деген ниетіміз бар.
Соғыс ардагерлерінің тізімін түгендеуге «Атамның аманаты» ұйымының жүргізген ауқымды іздеу жұмыстары негіз болды. Нәтижесінде былтыр 29 жауынгердің ерлігі ресми расталса, биыл тағы бір сарбаздың есімі белгілі болды. Мамандар майдан даласынан қаһармандарға тиесілі «Даңқ» ордендері мен «Ерлігі үшін» медальдарын және олардың жеке заттарын тапқан. Тиісті сараптамадан соң, бұл азаматтардың кезінде есепке алынбай қалғаны толық дәлелденді.
Серікбай Оңбаев, ҚР Қарулы күштерінің ардагерлері РҚБ Шымкент филиалының төрағасы:
- Жасы 18-ге толмаған азаматтарды әскер қатарына алмаған. Бірақ достары қасындағы бірге аралас-құралас, ағалары соғысқа аттанып жатқан кезде қасына 18-ге толмаған 17-16 жастағы балалар бірге еріп кеткен.
Майдангерлердің сұрапыл жылдарда соғыс даласына Сарыағаш, Төле би, Сайрам аудандары мен бұрынғы облыс орталығынан аттанғаны анықталды. Олардың есімдері мәрмар тасқа қашалып, естелік бұйымдары музейге қойылды.
Нұрсұлтан Мұхамеджан, тілші:
- Даңқ мемориалының қос қапталында қара мәрмар тақталар бар. Мұнда оңтүстік өңірден майданға аттанған 140 мыңнан астам жауынгердің есімі қашалып жазылған. Кейінгі ұрпақ осы жерге келіп, олардың рухына тағзым етеді. Енді игі дәстүр бойынша, Жеңістің әрбір мерейлі датасына орай тізім жаңа есімдермен толығып отырады.
Белсенді топтың бастамасымен соғыс ардагерлерінің есімін анықтау мақсатында жыл сайын бірлескен эскпедициялар ұйымдастырылады. Майданда қаза болған жауынгерлердің зираттары іздестіріліп, сүйегін елге жеткізу және қайта жерлеу жұмыстары да жүргізіледі.
Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Мұсатов
Тегтер #соғыс ардагерлері #Таңдаулы #майдангерлерPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz