Қазақстанда жыл соңына дейін Бірыңғай денсаулық сақтау порталын және Бірыңғай мемлекеттік медициналық ақпараттық жүйені іске қосу жоспарлануда.
Саланың цифрлық трансформациясы Үкіметте Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның төрағалығымен өткен кеңесте талқыланды. Жиында Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру бойынша денсаулық сақтау министрлігінің есептері тыңдалды. Денсаулық сақтау вице-министрі Ербол Оспанов e-Densaulyq бірыңғай ақпараттық жүйесі туралы баяндады. Бұл платформа мемлекеттік ақпараттық жүйелерді 7 негізгі цифрлық компонентке біріктіріп, деректердің қайталанбай енгізілуін қамтамасыз етеді. Бірыңғай мемлекеттік медициналық ақпараттық жүйе процестердің ашықтығын арттырып, медицина қызметкерлерінің әкімшілік жүктемесін азайтады.
Жобаның негізгі өзегі «Бірыңғай медициналық деректер қоймасы» болмақ. Қазірдің өзінде оған 12-ден астам ақпараттық жүйе қосылған. Соның негізінде пациенттің «Электрондық денсаулық паспорты» қалыптасады. Денсаулық сақтау вице-министрі Ербол Оспановтың айтуынша, жаңа жүйе дәрігерлерге «бір терезе» қағидатымен жұмыс істеп, пациенттің емделу тарихын толық көруге мүмкіндік береді. Ал пациенттер үшін бұл медициналық көмектің сапасын арттырып, қызмет алу уақытын айтарлықтай қысқартады.
Ербол Оспанов, ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі:
- e-Densaulyq экожүйесі медицина мамандарының жүктемесін азайтып, азаматтардың деректерін бір жүйеге жинақтауға көмектеседі. Өкінішке қарай қазір дәрігерлер адамдарды қабылдағанда ем-дом жасаудың орнына, электеронды карта толтыруға көп уақыт жұмсайды. Жаңа экожүйе осы олқылықты жойып, ақхалаттылардың жүктемесін 50%-ға азайтады деп есептейміз. Екіншіден, емханалардағы кезекті қысқартып, медициналық қызметтің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға сеп болмақ. Үшіншіден, цифрландыру пациенттер жайлы ақпаратты, емдеу тарихын бір жүйеге жинақтап, қағазбатылықтар арылуға көмектеседі.
Сондай-ақ кеңесте ауылдағы медициналық қызметті жақсартуға бағытталған Ұлттық жобаның қалай орындалып жатқаны талқыланды. Жоспарланған 655 медициналық нысанның құрылысы толық аяқталды. Оның ішінде 639 нысан аудандық ауруханалардың теңгеріміне берілсе, 587-сі медициналық қызмет көрсету лицензиясын алып үлгерді. Сонымен қатар 32 орталық аудандық аурухананы жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Кеңес қорытындысы бойынша Премьер-министрдің орынбасары Аида Балаева денсаулық сақтау саласының цифрлық инфрақұрылымын дамытуды, Ұлттық жоба аясындағы шараларды мерзімінде орындауды және әкім орынбасарлары деңгейінде дербес бақылау орнатуды тапсырды.
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #медицина #цифрландыруPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz