Астана маңындағы Қосшы ауылының қала мәртебесін алғанына биыл 5 жыл. Бұл Қазақстанда қысқа мерзім ішінде қалаға айналған тұңғыш елді мекен.
Астана агломерациясына кіретін шағын шаһардың дамуы қарқын алған.
Баспана кезегінде тұрған 10 отбасы үшін бүгін ерекше күн. Қосшы қаласының бес жылдығына орай, Ақмола облысының әкімі жаңа үйден пәтер кілттерін табыстады. Салтанатты рәсім қоғамдық мәдени-спорт кешенінде өтті. Дәл осында қаланың инфрақұрылымын дамыту жоспары таныстырылды. ЛРТ құрылысының екінші кезеңі аяқталса, Астанаға қатынау едуәір жеңілдей түспек. 1,5 мың оқушыға арналған мектеп пен аурухана салу жоспарланып отыр. Тұрғындар сондай-ақ биыл толыққанды газбен қамтылмақ.
Марат Ахметжанов, Ақмола облысының әкімі:
- Ол Президенттің тікелей тапсырмасы. Бірінші кезеңді Ақмола облысына іс-сапары кезінде Президенттің өзі ашып берді. Қала күніне қарсы осы шілдеде екінші кезеңді, ал күзде үшінші кезеңді, сонымен толық 120 мың халықты газбен қамту мәселесі шешіледі.
Қосшыға қарасты индустриалдық аймақта 6 инвестициялық жоба іске қосылмақ. Азық-түлік бағытында 4 өндіріс ашылады. Мұнда сүт өнімдерін өңдеп, Италиялық технологиямен ірімшік жасау жоспарда бар. Сондай-ақ, 10 мың адамды жұмыспен қамтитын көлік құрастыру зауыты ашылады.
Асхат Ахмедянов, Ақмола облысы Өнеркәсіп және кәсіпкерлік басқармасының басшысы:
- Қытай инвесторлары 2030 жылға дейін автокөлік өндіру сондай үлкен проект іске қосылады. Ол жалпы 60 млн доллар, 345 млрд теңгеден астам бірінші деңгейде осындай инвестция құйылады.
Биыл Қосшыдағы қалаішілік жолдарды жөндеуге 4 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген. 9 шақырымдай жаңа жол төселді. Алдағы уақытта 16 шақырымға созылатын 15 көшеге жол салынбақ.
Авторлары: Бақыт Топтаева, Санжар Біргебаев
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #Қосшы #инвестиция #жарнамаPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz