RU
Толық нұсқаға өту

Болмысы бөлек тау тұлға

08.05.2026, 22:10 61

Қазақстан әскерінің негізін қалаған даңқты тұлға Сағадат Нұрмағамбетовтың ерлігі мен еңбегі туған ауылында жан-жақты насихатталып жатыр.  

Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы және тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрінің атында көше мен мұражай бар.

Еңбек ауылы Астанадан 100 шақырым қашықта орналасқан. Кеңес Одағының батыры Сағадат Нұрмағамбетовтың балалық шағы осында өтіп, әскер қатарына шақыртылды. Майданға аттанды. Қазір елдімекенде ержүрек ердің құрметіне ашылған шағын мұражай бар. Бұдан бөлек, жергілікті білім ошағына Халық қаһарманының аты берілген.

Сағадат Нұрмағамбетовтың балалық шағы мен жастығы қиындыққа  толы болған. Ата-анасынан ерте айырылған. Жалғыз ағасы майдан даласында да қаза тапқан. Бірақ басына түскен ауыртпалық батырдың жігерін жасыта алмады. Өмірге деген құлшысы ерте есейтті ,-дейді ауылдағы жақындары.

Секербай Дүйсекенов, С. Нұрмағамбетовтың туысы:

- Майданға кетер алдында Сағадат атамыздың анасы бақилық болды. Ол кезде оның жасы 18-ге де толмаған еді. Бірақ соған қарамастан ол соғысқа кетті. Атамыз біз сияқты жақындарына өте қамқор болатын. Ешқашан Халық қаһарманымын деп кеудесін кермей, қарапайымдылықтың үлгісін көрсететін. Біз батыр атамызды мақтан тұтамыз.

Ел тәуелсіздігін алған шақта Нұрмағамбетовке тағы бір жауыпты іс жүктелді. Елге қорған болатын әскер жасақтау тапсырылды. Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі болған ол міндетін  мүлтіксіз орындады. Төккен тер, еткен еңбек ескерусіз қалмады. Қазір елімізде батыр есімімен аталатын бірнеше көше мен оқу ордасы бар. Өзі туып-өскен ауылдағы білім ошағына 2020 жылы Сағадат Нұрмағанбетовтың есімі берілді.

Ерқанат Мейрамбек, мектеп директоры:

- Есімі берілгеннен кейін көптеген өзгерістерге тап болдық. Оның ішінде 2021 жылы күрделі жөндеу жұмыстары атқарылды. Материалдық техникалық база жаңартылды. 2022 жылы «Сағадат сарбаздары» клубы ашылды. ҚР Қорғаныс министрлігі 55209 әскери бөлімімен  ынтымақтастық келісім-шартқа қол қойылды. Әскери бөлімнің әдіскерлері біздің мектепке келіп жаттығу көрсетеді. Семинар өткізеді. Біздің оқушылар жазғы кезеңде осы әскери бөлімге барып экскурсия жасайды.

Ауылдағы мәдениет ошағында батырдың өмірі мен ерлігінен сыр шертетін шағын мұражай бар. Бұдан бөлек, аудан орталығы Ақкөл қаласында Халық қаһарманына арналған тағы бір музей ашылды.  Бір ерекшелігі, ондағы әр жәдігерді Сағадат Қожахметұлы  өз қолымен тапсырған.

Айжан Мананбаева, аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы:

- Мен алғаш рет Сағадат Қожахметұлының 2004 жылы көрдім. Дәл сол жылы ол кісі 80 жасқа толып, біз осында кеш өткіздік. Шара соңында біз ардагер батырға осы Ақкөл қаласында сіздің музейіңізді ашайық деп ұсыныс білдірді. Сол кезде оның қатты қуанғанын көрдім. Өйткені оған дейін ол кісіге Алматы қаласынан да мұражай ашу туралы ұсыныс түсіп, оның бас тартқанын естігенбіз. Осы музейдегі жәдігерлердің бәрін батыр өз қолымен әкеліп табыстады.

Сағадат Нұрмағамбетов жарты ғасырдан астам ғұмырын қорғаныс саласына арнады. Оның жүріп өткен еңбек жолы мен майдан даласындағы ерлігі жастарға үлгі болып қалары анық. Сондықтан батыр есімі қанша уақыт өтсе де  ұмытылмайды.

Авторлары: Абзал Азаматұлы, Виктор Полянный

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz