Бауыржан Момышұлының кейде қолөнермен де айналысқанын естіп пе едіңіз?
Биыл аңыз адам туралы ақиқат деректер жарыққа шығады. Тараздағы бауыржантану орталығының ғылыми қызметкерлері батырдың өмірі мен шығармашылығы туралы кітап жазды. Қазір баспаға дайындап жатыр. Биыл оқырманның қолына тиеді дейді.
Туындыда 1960 жылдан бері батыр жайында жазылған барлық естелік пен деректер жинақталды. Одан бөлек қаладағы Бауыржан Момышұлы музейінің қоры да жаңа жәдігерлермен толықты. Экспонаттар саны 500-ден асты.
Ғалым Темірбай Мұқашев Бауыржан Момышұлының еңбектерін 15 жылдан бері зерттеп жүр. 2021 жылы батырдың өмірі мен шығармашылығына арналған оқу құралын жазып шықты. Басылымда қаһарманға қатысты деректер, жазған хаттарының мазмұны, жеке еңбектері мен естеліктері, сондай-ақ өлеңдері жан-жақты талданған. Оқулық өңір университеттеріндегі «Бауыржантану» пәнінде оқытылады.
Темірбай Мұқашев, "Бауыржантану" ғылыми-зерттеу орталығының қызметкері:
- Тек қана ұлт жолында қажырлы еңбек еткен Бауыржан Момышұлы. Кешегі Кеңестік дәуірде. Сондықтан да бұл кісіні біз әр уақытта осы бағытта насихаттап отыруымыз керек. Дамытуымыз керек. Бұл не керек? Келешек жастардың бойында ұлттық намыс ұлттық жігер ұлттық қайраткерлік ұлттық мақтаныш орналастыру үшін Бауыржан Момышұлының өмірімен өнеге еңбектері үлкен роль атқарады.
Бауыржантану орталығының қызметкерлері әскери жазушының әлі де жарық көрмеген деректерін іздестіруде. Мамандардың айтуынша, батырдың 1963 жылғы Куба сапары мен Мәскеудегі әскери академиядағы дәрістері әлі күнге дейін құпия сақталып отыр. Мұрасын зерттеушілер биыл даңқты қолбасшы жайында жазылған барлық естелік мен пікірлерді біріктіріп жаңа жинақ шығармақ.
Темірбай Мұқашев, "Бауыржантану" ғылыми-зерттеу орталығының қызметкері:
- Балаларға арналған Пионер деген газеттен бастап сол кездегі Социалистік Қазақстан газетіне дейін Баукең туралы көп жазылды. Неге жазылды?! Өйткені Бауыржан Момышұлының бүкіл еңбектері мен атқарған тіршілігі өмірі мынау кішкентай баладан бастап үлкен саналы ұрпаққа дейін тәрбие болу үшін жазды. Ол жерде көп қайраткерлердің пікірі бар, жазушылардың. Соны біз сонау 1960-жылдардан бастап, соның бәрін сүздік.
Қажетті қаржы бөлінгеннен кейін естелік жинақ оқырманның қолына тиеді, дейді авторлар. Айта кетейік, былтыр Таразда Бауыржан Момышұлына арналған музей ашылды. Қазір жәдігерлер саны жеке заттарымен толығып 540-қа жетті. Олардың қатарында Баукеңнің туған жерінен бастап, мектепте оқыған жылдары, Жуалы аудандық атқару комитеті мен аудан прокуратурасында қызмет еткен кезеңіне қатысты жазбалар бар. Соғыс жылдары мен одан кейінгі ғұмыры хронология бойынша суреттеледі. Қорда Баукеңнің әскери сейфі, чемоданы, компасы және стратегиялық карталары да сақталған.
Мерей Бает, тілші:
- Музейдің мына бұрышы Бәукеңнің жұмыс кабинетінің инталяциясы ретінде жасалған. Мұнда батырдың өзінің қолданған заттары тұр. Жұмыс үстелі, мынау шынар ағашынан жасалған майшамы, шығармаларын жазған баспа машинасы да осында. Ал мына сөредегі туындылар Бәукеңнің өзі оқыған кітаптары.
Бауыржан Момышұлы тек батыр ғана емес, ақын-жазушы, педагог, шежіреші және әскери академик. Сонымен қатар оның қолөнерге де бейімі болған.
Құндыз Қырықбай, экскурсия жетекшісі:
- Бұл кісі сегіз қырлы бір сырлы болған. Көріп тұрғандарыңыздай, өзінің қолынан тастамаған қайшысы. Осы қайшымен фольгадан ою ойғанды қатты жақсы көрген. Көріп тұрғандарыңыздай бұл жерже жетпіске жуық оюлар бір-біріне ұқсамайтын оюларды қиған. Осы оюды жойлып кетпеу мақсатында жібек матаға тоқып қалдырған болатынбыз.
Бауыржан Момышұлы есімі өңірде 10-нан астам ауыл, мектеп, көше, оқу орындары мен әскери бөлімдерге берілген. Былтыр аймақта батырдың атындағы әскери мектеп те ашылды. Сондықтан ұлт үшін еңбек еткен ұлы тұлға есімі, ұрпақ есінде мәңгілікке сақталады.
Мерей Бает, Бақытжан Бапаев, Елдар Байділдә
Тегтер #Бауыржан Момышұлы #Екінші дүниежүзілік соғыс #9 мамыр #24KZ #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz