«Ешкім де, ештеңе де ұмыт қалмайды».
Түркістандықтар Жеңістің 81 жылдығын қаладағы «Жеңіс» саябағында айырықша атап өтті. Мерекелік іс-шараға тыл ардагерлері, әскерилер, студент жастар мен қала тұрғындары қатысты.
Жандос Жұмабек, тілші:
- Мерекелік жиын тағзым алаңына гүл шоғын қойып, сұрапыл соғыста ерлік көрсеткен батырлардың рухына тағзым етуден басталды. Жеңіс саябағына жиналғандар соғыс жылдарында ерен ерлік көрсеткен Кеңес Одағының Батырлары Сабыр Рахимов пен Қарақозы Әбдалиевтың ескерткішіне гүл шоғын қойып, елді жаудан қорғаған ерлерді бір минут үнсіздікпен еске алды.
Аға буын екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі аталарымыздың ерлігі мен еңбегі өскелең ұрпақ үшін отаншылдықтың озық үлгісі екенін атап өтті. Сонымен қатар тылдағы еңкейген қария мен балалардың өзі күндіз-түні еңбек етіп, жеңісті жақындатқанын жеткізді.
Бақытжан Бейсенбаев, қала тұрғыны:
- Бізге бақытты өмір сыйлаған, бізге осындай бақытты болашақ сыйлаған барлық майданда болған, жеңіске жетуге көмектескен тылдағы ата-бабаларымыздың бәріне рахметімізді айтып, солардың рухына абс иіп тағзым етеміз.
Кеңес Мәсәліұлы, тыл ардагері:
- Жасым 88-де. Біз жас кезде соғыс басталды. Біз ол кезде кішкентай бала едік. Қиын жағдай болды. Қиындықтың бәрін көрдік. Әкеміз соғысқа кетті. Алты ағам әскерде жоғалып кетті. Мен солардан тараған ұрпақпын.
Оңтүстіктен қан майданға 140 мыңнан астам адам аттанып, олардың тек жартысы ғана елге аман-есен оралды. Оның ішінде 51 жауынгер Кеңес одағының батыры, 8 майдангер «Даңқ» орденінің иегері атанды. Бүгінде өңірде 3 Ұлы Отан соғысының ардагері, 3600-ден астам тыл еңбеккерлері бар.
Мадияр Әліпов, Түркістан қаласы әкімінің орынбасары:
- Биылғы жылы мемлекет тарапынан жылдағыдай соғыс ардагерлеріне, тылда еңбек еткен азаматтарымызға көмектер көрсетілп жатыр. Тыл еңбеккерлеріне көрсетілген көмектер жылдағыдан көбейтілуде. Жалпы халықтың, тұрғындардың көңіл-күйі өте жақсы.
Жандос Жұмабек, тілші:
- Майданда ерлік көрсеткен ерлердің құрметіне мұнда 200 түп көшет егілді. Бұл ерлікті ұлықтау мен бейбіт өмірге деген шексіз алғыстың белгісі. Бүгінгі шарадан масаттанудан гөрі мазмұнға толы тарихи тағлымдық сипатты байқадық. Ұйымдастырушылар атап өткендей, тарихи жадыны сақтау өз алдына, жастардың бойында отансүйгіштік сезімін ояту, бейбітшілік пен бірліктің бағасын еске салу – маңызды міндет.
Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Қуаныш Абуов
Тегтер #ерлік #Жеңіс күні #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz