RU
Толық нұсқаға өту

Ақтөбе облысында соғысты көрген жалғыз ардагер тұрады

09.05.2026, 17:15 45

Бүгінде Ақтөбе облысында сұрапыл соғысты көрген жалғыз ардагер тұрады. Хромтаулық Василий Грецкий жақында 102-ге толды. 

Қарт майдангер Украина, Беларусь майдандары мен Румыния, Польша, Чехословакия және  Германия жерінде жаумен шайқасқан. Ерлігі үшін «Қызыл Жұлдыз», ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен марапатталды. 

Василий Грецкий 1942 жылы кәмелетке толған бойда майданға сұранды.  Алматыда жасақталған кавалериялық корпус құрамында туған жері – Белорусті басқыншылардан азат етуге қатысты. Кейін Польша, Чехословакия, Румыния майдандарын көрді. Оқ пен оттың ортасында жүріп, Берлинге дейін жетті. Жеңісті сол жақта қарсы алды.

Василий Грецкий, соғыс ардагері:

- Соғыстың аяқталғанытуралы бізге таң мезгілінде хабарлады. Жеңіске жеткенімізді естігенде атой салып, бір бірімізді құттықтадық. Бәріміз жиналып, тойладық. Сонан соң кавалериялық корпусты туған жерге көшіру туралы бұйрық келді.

Белорусь елінде дүниеге келген қарияның отбасы сталиндік солақай саясаттың қысымын көріп, Қазақстанға жер аударылған. Қазақ топырағында тұрақтап, ұрпағын өрбітті. Соғыстан кейін Василий Грецкий теміржол саласында 34 жыл еңбек етті. Ардагер жұбайымен бірге 3 бала, 6 немере, 10 шөбере тәрбиелеп өсірді.

Валентина Рукавишникова, ардагердің қызы:

- Әкеміз бәрімізге үлгі. Немере-шөберелері «Батыр ата» деп атайды. Мектепте мақтанып айтып жүреді. Газет бетіне шыққан мақалаларды қиып алып, сақтап қояды. Әкеміз – біздің мақтанышымыз.

Ғасыр жасаған ардагердің үйінен бұл күндері қонақ арылмайды. Жеңіс күні қарсаңында әріптестері, ізіне ерген жауынгерлер мен жастар келіп құрмет көрсетеді.

Гумер Галеев, ауған соғысының ардагері:

- Василий Иванұлы әлі де тың. Жылдағы дәстүрге сай сәлем беріп, Жеңіс күнімен құттықтауға келдік. Бәрі есінде екен. Басынан өткен оқиғаларын айтып берді. Соғыс жылдарындағы әндерді айтып, біраз әңгімелестік. Бұл естеліктердің барлығын біз жадымызда сақтауымыз керек.

Грецкийлер отбасы жылда Жеңіс күні бас қосып, қарт майдангерді құттықтайды. Балалары мен немере-шөберелері жиналып, бір жасап қалады. Қарияның бар тілегі, ұрпағымыз соғыс көрмесе дейді. 

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков, Айбек Даутов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz