Олар – сұрапыл соғыстың куәсі болған қаһарман буынның соңғы өкілдері. Шалданбай Шаңбаев 102 жасқа келсе, Иван Макеев 99-ға аяқ басты.
Ал Геннадий Иванов шілде айында ғасырлық мерейтойын атап өтпек. Майдангерлер бүгінде кейінгі ұрпаққа бейбіт өмірдің қадір-қасиетін насихаттап келеді.
Соғыс ардагері Шалданбай Шанбаев қазір 102 жаста. Ол майданға 1942-жылы 18 жасында аттанған. Соғыстың соңына дейін ішкі істер әскерінің 227-полкі құрамында болды. Жауынгер бірнеше рет жараланғанымен, саптан шықпай, Жеңіс күніне дейін алғы шепте болды. Майдандағы батырлығы үшін екінші дәрежелі Отан, «Маршал Жуков» медалімен марапатталды.
Шалданбай Шаңбаев, соғыс ардагері:
- Дұға қабыл болып отбасыларың аман болсын. Ынтымақ бірлік береке жақсылық болсын. Аспанымыз ашық болсын. Аумин!
Майдангер елге 1949 жылы оралып, есепші мамандығында оқып туған ауылында қызмет етті. Ақсақал бүгінде 9 баладан 37 немере 102 шөбере сүйіп отыр.
Бағдагүл Шаңбаева, соғыс ардагерінің қызы:
- Адалдықты еңбекқорлықты өте жақсы көреді. Оның еңбегін дастархан басында болсын, ылғи да айтып отырамы. Әкеміз үшін мақтанамыз. Біз тұрмақ, жекжат-жұраттар да мақтанады. Сұрап жатады. Жағдайын біліп, келіп жатады.
Ал Иван Макеев майданға 1944 жылы 17 жасында шақырылған. Жапонияға қарсы соғыста барлаушы болып, Мукден мен Харбин қалаларын азат етуге қатысқан. Жеңісті Моңғолияда қарсы алған ардагер әскери қызметін 1951 жылға дейін жалғастырды. Кейін ішкі істер саласында 30 жыл еңбек етіп, подполковник шеніне дейін көтерілген.
Иван Макеев, соғыс ардагері:
- Жақсы оқыңыздар. Бір-біріңізге дос болып, еліміздің мықты азаматы болыңыздар. Еліміз тыныш болсын! Аспанымыз ашық болып, енді ешқашан жарылыс даусын естімейік. Ұлы жеңіс күні құтты болсын!
Ал Геннадий Иванов 17 жасында Қызыл әскер қатарына шақырылып, Польша аумағындағы шайқастарға қатысқан. Минометші ретінде Берлинге дейін жетті. Майдангер соғыстан кейін математика пәнінің мұғалімі болып еңбек етті. Бүгінде өңірде үш майдангер бар. Ал Таразда 600 ден аса тыл ардагері тұрады. Өңірде олардың ерлігін насихаттауға арналған түрлі патриоттық шаралар жыл бойы ұйымдастырылады.
Күләш Әбдікешова, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы:
- Әрбір соғыс ардагерінің үйлеріне барып, қамқорлыққа алып, не қажет оларға волонтерлерды бекітіп, үйлеріне көмектесу, басқа да жағдайларын жасау керек. Сонымен қатар осы Жеңіс күніне арналған «Ер есімі – ел есінде» деген тақырыпта акция өтіп жатыр. Соның аясында спартакиада өткізіп, спорттың 7 түрінен үлкен белсенділікпен өтті. Сонымен қатар күрі кеше париоттық әндер фестивалін өткіздік.
Отан соғысы жылдарында Жамбыл облысынан майданға 41 453 азамат аттанған. Олардың 15 500-ден астамы майданда қаза тауып, 17 639 майдангер хабар-ошарсыз кетті. Бүгінгі бейбіт өмір мен тыныш заманның орнауына майдангерлердің қосқан үлесі орасан.
Авторлары: Мерей Бает, Тимур Сейілхан, Елдар Байділдә
Тегтер #Жамбыл облысы #соғыс #ардагерлерPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz