Қонаев қаласындағы Даңқ аллеясында Жеңістің 81 жылдығына арналған салтанатты іс-шара өтті.
Аталған игі бастама зұлмат соғыста етігімен қан кешіп, ел қорғаған аға ұрпақтың жанқиярлық ерлігін кейінгі ұрпаққа дәріптеу мақсатында қолға алынған.
Салтанатты рәсімге қатысушылар майдангерлерге арналған ескерткішке гүл шоғын қойып, соғыста шейіт болған боздақтардың рухына тағзым етті.
Қонаев қаласындағы Жеңіс күніне арналған мерекелік іс-шара бір минуттық үнсіздік жариялаудан басталды. Алматы облысындағы бес ардагерге өткен жылы 5 миллион теңгеден сыйақы тағайындалып, жергілікті кәсіпкерлердің қолдауымен пәтер кілттері табыс етілген еді. Биыл жергілікті бюджет есебінен 4 соғыс ардагеріне 5 млн теңгеден сыйақы берілді.
Марат Сұлтанғазиев, Алматы облысының әкімі:
- Бес ардагеріміз болған еді. Біреуі өмірден озды. Оксана Демидовна Битибаева деген осы облыстың тұрғыны. Ал қалған төртеуі Құдайға шүкір, бүгінгі күнде бар. Әрқайсысына, екеуіне кеше, бүгін кіріп шықтым. Тағы да екеуіне барып келеміз. Бүгінгі күнге көңіл-күйлері жақсы. Осындай мейрам күндері әрқайсысына көңіл бөлуіміз керек.
Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев соғыс ардагерлерінің үйіне барып, Жеңіс күнімен құттықтап шықты. Ғасыр жасаған қариялардың біреуі төсек тартып жатыр, қалғаны тың.
Алым Кебиров, соғыс ардагері:
- 9 мамыр күні 102 жасқа келдім. Бұл да Құдайдың берген жасы. Бұдан кейін жастарға айтатыным, жұмыс істеу керек. Соғыс болмасын, сұм соғысты көрмейік! Барлығы Қазақстанда жақсы болсын!
Федор Ковалев, соғыс ардагері:
- Соғыс ешкімге бақыт әкелген емес. Сондықтан жер бетінде қантөгіс болмасын! Еліміздің барша тұрғындары осындай бейбіт заманда ғұмыр кеше берсін!
Даңқ аллеясынан басталған салтанатты іс-шара Қонаев қаласының орталық алаңында ұйымдастырылған мерекелік концертке ұласты. Жиналған жұрт майдан жылдарынан сыр шертетін әндерді тыңдап, жауынгерлердің рухына арналған әсерлі қойылымдарға куә болды.
Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Аят Дүйсенбаев
Тегтер #Қонаев #жеңіс #шара #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz