Қазақтың аты аңызға айналған бұлбұл әншісі КСРО және Қазақстанның халық әртісі Бибігүл Төлегенованы Жеңіс күнімен Ұлттық әскери-патриоттық орталығы «Жас сарбаз» шығармашылық студиясының оқушылары құттықтады.
Соғыс басталғанда Бибігүл Ахметқызы небәрі он екі жаста еді. Оның да балалық шағын соғыс ұрлады. «Қазіргі ұрпақ соғыс атын естімесін. Бұл – бейбітшілікті қалайтын әрбір адамның жүрекжарды тілегі», - дейді дүлдүл әнші.
«Жас сарбаз» шығармашылық студиясының өрендері Бибігүл Төлегенованың атына қанық. Аты аңызға айналған әншіні құттықтауға қуана келді. Арасында болашақта ол кісі сияқты танымал әнші болғысы келетіндер де бар. Балалар патриоттық әндер орындап, Бибігүл Ахметқызының батасын алды.
Бибігүл Төлегенованың өзі балалық шақтағы естелігімен бөлісті. Айтуынша, ес білгеннен еңбек еткен. 15 жасында үлкендермен бірге Семей ет комбинатында жұмыс істеген. Оған қоса, қалада орналасқан әскери госпитальдерге барып, медбикелерге қол ұшын берді. Жауынгерлердің туған-туыстарына хат жазуға көмектесті. Қолы босаған кезде ән салды. Сөйтіп талай жаралы жанның өмірге деген құлшынысын оятты. Туғандарына деген сағынышын басты. Кейіннен кәсіби білім алып, қазақтың бұлбұлы атанды.
Бибігүл Төлегенова дегенде әншінің бойтұмарына айналған Латиф Хамидидің «Бұлбұлы» қоса аталады. Өйтетіндей жөні бар. Ол өзі сүйіп орындаған Бұлбұл әніндей қазақтың нағыз бұлбұлына айналды. Туған жерін әнге бөледі. Биыл ән падишасы 97 жасқа аяқ басты.
Бибігүл Төлегенова, ҚР Халық артисі:
- Біздің бала-шағамыз осы мәңгілік елімізде бақытты қызықты қуанышты өмір сүрсін ұзақ өмір сүрсін. Мемлекетіміз аман болын. Елімізде тыныштық болсын. Аспанымыз ашық болып іштегі дау, сырттағы даудан сақтасын. Алдымызға қойған мақсаттарымыз орындалып жолымызға гүл бітсін, нұр бітсін. Мерекеміз құтты болсын.
Бибігүл Төлегенованы әскери қызметкерлер де Жеңіс күнімен арнайы құттықтап барды. Алматы гарнизонының әскери үрмелі аспаптар оркестрі мерекелік тарту ретінде соғыс жылдарындағы шығармаларды орындады.
Раджан Жанысов, ҚР ҚК әуе-десанттық шабуылдау әскерлері қолбасшысының орынбасары:
- Біз үшін Бибігүл Ахметқызы – аңыз адам. Ол кісіні аса құрметтейміз. Мерекеге орай осылай ықыласымызды білдірдік. Отан үшін еңбек еткен жандарды құттықтау біз үшін құрмет деп білеміз.
«Осындай отансүйгіш ұрпағы бар ел бақытты. Сондықтан майдангерлердің ерлігі ешқашан ұмытылмайды», - деді күміс көмей әнші Бибігүл Төлегенова.
Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Кенже Амраев, Айдос Қалиев
Тегтер #әскерилер #Бибігүл Төлегенова #Жеңіс күніPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz