Берлин аспанында Жеңіс туын желбіреткен қазақтың ұлы Кенжебай Мәденовтің есімі ұлықталды. Президент Жарлығымен атыраулық майдангерге «Халық қаһарманы» атағы берілді.
Взвод командирі Мәденов 1945 жылдың 29 сәуірінде Берлиндегі Ратуша ғимаратының төбесінде ту көтерген жауынгерлердің бірі. Алайда тарихи ерлікке осы күнге дейін лайықты баға берілмей келді. Еліміз егемендік алғаннан кейін, журналист Жанболат Ауыпбаев оның ерлігі туралы жан-жақты жазып, батырды ұлықтау туралы бастама көтерген болатын.
Кенжебай Мәденов сол бір жеңіс туы желбіреген күннен 81 жыл өткеннен кейін, «Халық Қаһарманы» атанды. Ол қазіргі Батыс Қазақстан облысының Ақтайсай ауылында дүниеге келген. Ал әкесі Мәден Атырау облысының Тайсойған жерінде туылыпты. Түп аталары ақберен батыр Махамбет Өтемісұлымен туыстас әулеттен тарайды. Бұл ұрпақтың пешенесіне екінші дүниежүзілік соғыстың майданында етігімен қан кешу жазылған екен. Маршал Жуковтың естеліктер кітабында Ратушаға ту тіккен қазақ жауынгері Кенжебай Мәденовтің есімі аталады. Бірақ ерен ерлік ескерусіз қалды. Кейін ардагер журналист, қоғам қайраткері Жанболат Аупбаев батыр есіміне қатысты құжаттарды жинақтап жарыққа шығарды. Ол туралы курстасы Төлеген Берішбай былай дейді.
Төлеген Берішбай, ардагер-журналист:
- Мына «Маршал мемуарындағы Мәденов» деген туындысын ұзақ жыл зерттеді. Бастапқыда ол Орал қаласына іс сапармен келген кезде әскери комиссариаттан ба екен, әйтеуір бір топ құжатты қолына түсіріп, сол бойынша ізденді. Жәкеңе Кенжебай көкеміздің ұлы Махамбеттің Мәденов туралы айтып оның телефонын да кезінде бердім. «Егемен Қазақстан» газетінде 1 беттік көлемді материал берді. Алғашқы Мәденов туралы әңгіме қозғаушылардың бірі - осы Жанболат Ауыпбаев болды.
Жанболат Ауыпбаевтың мақаласынан соң Мәденовтің ерлігіне көптеген республиаклық басылым үн қосты. Сөйтіп, батыр майдангердің ерлікке толы майдан жолы жарыққа шықты. Ал, былтыр Батырдың 100 жылдық мерейтойында қоғам белсенділері мемлекет басшысына «Халық Қаһарманын» беру туралы ұсыныс жолдады.
Абай Дүйсенбаев, Әл-Фараби атындағы ҚҰУ доценті:
- Осы жылы әділет салтанат құрып, шынында батырымызға үлкен құрмет көрсетіліп, мемлекетіміздегі ең үлкен мәртебелі атақ «Халық Қаһарманы» берілді. Бұл тек қана ғалымдардың емес, бүкіл қазақ елінің қуанышы деп білемін.
Соғыстан аман оралған Кенжебай Мәденов 1946 жылдан бастап Мемлекеттік Қауіпсіздік комитетінде қызмет етті. 26 жыл бойы құпия қызметті адал атқарып, сол кездегі Гурьев облысы бойынша Мемлекеттік Қауіпсіздік комитетінің басқарма төрағалығына дейін көтерілді. Майдангер 1974 жылы 49 жасында жарақатына байланысты өмірден озды.
Авторлары: Арыстанбек Кенже, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #президент #кенжебай маденов #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz