RU
Толық нұсқаға өту

Ғұмырын ұстаздыққа арнаған қарт майдангер

10.05.2026, 09:30 39

Жетісу облысында Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан жалғыз ғана ардагер қалды. Ысқақ Әбілпейісұлы құжат бойынша қазір 102 жаста.

Ал шын мәнінде 103-те. Ғасырдан аса ғұмыр кешкен қарт Алакөл ауданының Көлбай ауылында дүниеге келген. Ол отызыншы жылдардағы ашаршылықты, қырықыншы жылдардағы қан майданды, Тәуелсіз ел атанған тарихи сәттің куәгері.

Ысқақ Әбілпейісұлы 1942 жылы 17 жасында соғысқа алынған. Алғашқыда Украина майданына қатысып,  кейін Тынық мұхитындағы ұрысқа жіберілді. Кеме үстінен атыс жүргізген зенитші сан мәрте мергендігімен танылған.

Ардақ Аманғазықызы Ы.Құсайыновтың немересі:

- Атам жапонның бір ұшағын құлатып түсіреді. Сол арада атам «Сын народа Казахстана» газетіне шығады. Батыры деп. Содан кейін талай ергілігін көрсетеді. Амур флотында музей бар. Сол музейде ерлігі айтылған. Арнайы өзінің портреті мен өмірбаяны сол жерде тұр.

Соғыс ардагері елге келгеннен кейін 40 жыл бойы ұстаздық еткен.  Шағын мектептерге арналған оқу-әдістемесін әзірлеп, әмбебап тақта, есептегіш құрал ойлап шығарды. Сіңірген еселі еңбегін ескеріп білім беру саласының қызметкерлері мереке сайын келіп құттықтап тұрады. 

Ринат Мұратжан, студент:

- Бұл кісілер біз үшін кеудесін оққа тосқан. Көргенде жақсы әсер алдым. Осы кісілерге қарап өсеміз деп ойлаймын.

Әсет Жұмәділов, Талдықорған индустриалды колледжінің  директоры:

- Колледжімізде 95 пайыз ұл балалар оқиды. Олар отан қорғайтын азаматтар. Солардың бойына отанға деген сүйіспеншілік сезімін ояту маңызды. Осы кісілерді көрсету арқылы еңбектерін батырлығын айта отырып бойларына жақсы қасиеттерді енгізу біздің мақсатымыз.

Ел жұртының құрметіне бөленген қарт майдангер бала-шағасынан 30 шақты шөбере-шөпшек сүйіп отыр. Ұрпағы үшін ол - тек ата емес, елін қорғаған батыр, аңыз адам.

Әділхан Қонақбай, Ы.Құсайыновтың шөпшегі:

- Мен атамды өте жақсы көремін. Өйткені менің атам соғыс ардагері. Мен атаммен мақтанамын. 

Ғасырдан аса ғұмыр кешкен ардагер соғысқа қатысты көп дүниені ұмытса да,  оның жүрегіндегі балаларға деген мейірімі мен сүйіспеншілігі өшпеген. Өскелең ұрпаққа «үнемі білім алыңдар, адал еңбек етіңдер, елге қызмет қылыңдар»,- деп бата беріп, атпал азамат болуға үндеп  отырады.  

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев 

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz