RU
Толық нұсқаға өту

Қостанай облысының Аманкелді ауданы туристік орталыққа айналып келеді

10.05.2026, 21:00 41

Торғай геоглифтері, жаңадан салынып жатқан туристік кешен, Сахара шөліндей құм төбешіктері, аңшылық үйі сияқты нысандар қонақтарды бей-жай қалдырмасы анық.

Биыл ауданға 3 мыңнан астам турист келеді деген жоспар бар.

Шетелдік зерттеуші ғалымдарды әсіресе Торғай геоглифтері қатты қызықтырады. Ежелгі заман мәдениетіне жататын бұл обьектілер тарихи маңыздылығы жағынан Перудегі Наска геометриялық сызықтары мен суреттерден кем соқпайды. Сондықтан геоглифтерді келіп, көруге ниетті адамдар аз емес.

Қайрат Дүйсембаев, Аманкелді ауданының туризмді дамыту бойынша әдіскері:

- Бізде қазір геоглифтер бар. Жер бетіндегі нысандар. Содан бізге Жапония,Ресей, Германия, АҚШ-тан хабарласуда. Сондықтан да біз ақырындап жұмыс істеудеміз. Ол жерде үлкен бір космостық энергиялар бар. Олар соған қызығады.

Ал мынау «Торғай тәжі» деп аталатын туристік кешен. Құрылысы жоба бойынша келер жылы толық аяқталады.

Мағауия Қалиев, тілші:

- Әлемнің жеті кереметіне кіретін Тәжі-Махал кесенесі, Мысыр пирамидасы, Эйфель мұнарасы, Сақтар моншасы, Бразилия қонақ үйі. Осының бәрін көргіңіз келсе, Аманкелді ауылына келіңіздер. Әлемдік сәулет жауһарлары бір туристік кешенде бой түзеген. Мамандардың пікірінше, осы демалыс алаңы облыстың оңтүстік өңірінде туризмнің дамуына серпін беруі тиіс.

Бұл кешен Торғай өңірінің көрнекі орындарының біріне айналатындығы сөзсіз. Ауылдың үлкен-кішісі бір сәт осында келіп, демалып, серуен құрады.

Асанәлі Серіков, Аманкелді ауылының тұрғыны:

- Демалыс күндері осы жаққа келем достарыммен. Қызық болғасын келем, күшті болған соң. Футболда басқа да ойнауға болады. Волейбол деген сияқты и баскетбол бәрі бар.

Мамандардың пікірінше, Торғай арқылы өтетін Орталық-Батыс тас жолының салынуымен туристердің нөпірі 2-3 есе артады. Сондықтан  инфрақұрылымды дамытып, жаңа қонақүй, мейрамханалар салу маңызды міндеттердің бірі.

Ажаркүл Әлсүпова, кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының бас маманы:

- Өңірде халықаралық мейманхана желісі пайда болады. Қонақтарға барынша жайлы, жоғары үлгідегі қызмет түрі ұсынылады. Жылдан жылға Қостанай облысына келетін туристердің саны артып келеді. Мысалы, былтыр өткен жылға қарағанда 20 мыңға өсім бар. Жаңа жобалардың іске асуымен олардың саны біршама артады деген ойдамыз.

Соңғы жылда ресми мәлімет бойынша өңірге 12 мың шетелдік, 200 мыңнан астам қазақстандық туристер келген. Оларды негізінен курорттық аймақтар, киелі орындар және табиғи қорықтар қызықтырады екен.

Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz