11 мамыр – академик Әлкей Марғұланның туған күні, деп хабарлайды «24KZ».
Әлкей Марғұлан 1904 жылы 11 мамырда Ақпеті болысында (қазіргі Павлодар облысы, Баянауыл ауданы) дүниеге келген. Қазақстан археология мектебінің негізін салушы, ғылымның көптеген салалары: этнография, тарих, шығыстану, әдебитетану, өнертану бойынша көрнекті қайраткер. Филология ғылымдарының докторы (1945), Бүкілодақтық География қоғамының толық мүшесі, Қазақ ССР ҒА академигі (1958), профессор (1960), Казақ ССР ғылымының еңбек сіңірген қызметкері (1961).
Туған халқының тарихына ден қойып, зерттеу жұмыстарын сонау Ленинградта оқып жүргенде-ақ бастаған Әлкей елге келгеннен кейін де осынау бейнеті мол, көп ізденіп, зерттеуді қажет ететін сауапты істі одан әрі жалғастырып, Оңтүстік Қазақстандағы Сырдария, Шу, Талас өзендері бойында және көне Отырар, Сауран, Сығанақ қалаларының орындарында түрлі қазба жұмыстарын жүргізеді. Содан жинаған материалдарының негізінде «Ежелгі Қазақстан қалалары мен құрылыс өнерінің тарихына» деген монографиялық еңбек жазады.
1943 жылы «Жарлықтар мен пайцзелердің тарихи маңызы» тақырыбында тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін диссертация қорғаған, 1945 жылы «Қазақ халқының эпикалық жырлары» тақырыбында филология ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін диссертация қорғаған.
Ұзақ жылғы зерттеу жұмысының нәтижесінде Ж.А. Ақышев, М.Қ. Қадырбаев, А.М. Оразбаевтармен бірігіп, «Орталық Қазақстанның ежелгі мәдениеті» атты кітап жазуға қатысып, оның редакциясын басқарды. Бұл кітаптың құндылығы жоғары бағаланып, оның авторларына Шоқан Уәлиханов атындағы мемлекеттік сыйлық беріледі.
Академик Әлкей Марғұлан 1985 жылы 12 қаңтарда Алматы қаласында қайтыс болды.
Тегтер #Әлкей Марғұлан #ғалым #24жаңалықтар #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz