Алдағы бірер жылда Байқоңырдан әмірліктердің жаңа зымыран жүйесі ұшырылуы мүмкін.
Оның ерекшелігі сол аспан әлеміне екі мәрте сапарлап, кері жүк алып қайтуға болады. Қазір Қазақстан тарапымен тиісті келіссөз жүріп жатыр. Бұл жөнінде Араб әмірліктерінде өткен ғарыш өнеркәсібіне арналған көрмеде айтылды.
Ғарыштық технология мен жасанды интеллект тоғысқан жобалар жаңа кезеңге қадам басты. Бұл іске әлемдік компаниялар мол қаржы құйып келеді. Мамандардың айтуынша, аспан әлеміне аттанатын кемелер мобильді бола түсті. Бірегей қозғалтқыш жасалып, кері бағытта да жүк таситын зымыран жүйесі ойлап табылды.
Стан Руденко, ғарыштық аппарат жобасының жетекшісі:
- Біз жасап шығарған жобаның баламасы жоқ десем болады. Ол зымыранды бірнеше мәрте қолдануға арналған. Ғарышқа ұшып, қайтып жерге орала алады. Компаниямыз әмірліктерде орналасқан. Нарық мүмкіндігін тиімді пайдаланып, жобаны әлеуетті серіктестермен талқылап, тәжірибе сынау жағын қарастырып жатырмыз. Орайы келгенде Байқоңырдан ұшыратын жоспарымыз бар.
Қазақстан бұл ауқымды үдерістің бір бөлігіне айналған. Өйткені Байқоңыр жаһанға маңызды тәжірибе алаңы ретінде танымал. Осыдан бірер жыл бұрын Араб әмірліктері алғашқы ғарышкерін біздегі айлақтан ұшырды. Енді бұл елдің жерсеріктерді құрастыратын мекемелері арадағы ынтымақтастықты одан әрі жалғастыруға ниетті.
Рауан Мыңбай, тілші:
- Аспан-көкке асып, ғарышқа нық қадам басқан елдер қатарына Араб әмірліктері де қосылды. Қазір мұнда жерді қашықтан бақылайтын жеке жерсеріктері көптеп құрастырылып жатыр. Міне, соның бірі ұшыруға да дайын. Жыл соңына қарай орбитаға жол тартуы тиіс.
Ерекшелігі сол, жаңа аппараттар мәліметті жасанды интеллект арқылы өздігінен өңдей алады. Сөйтіп жедел белгі береді. Әмірліктер келешекте озық технология көмегімен қорғаныс нысандары мен теңіздегі кеме қозғалысын қашықтан бақыламақ.
Хамдуллах Мохиб, Жерсерігін құрастыру компаниясының басшысы:
- Жасанды интеллект пен ғарыш саласындағы әлеуетімізді жаңа деңгейге шығарып жатырмыз. Тіпті Еуропаға жерсеріктік жүйелерді әзірлеп, жеткізетін болдық. Біздің қондырғы деректерді орбитада өңдеп, маңызды жайттарды жылдам анықтап, жедел түрде жеткізеді. Азаматтық қорғаныс пен қауіпсіздік салаларына тиімді. Қазіргідей алмағайып заманда мұндай деңгейдегі жүйе аса маңызды.
Жалпы әмірлік кейінгі жылдары аспан әлемін игеруге айрықша ден қойып отыр. Марсты бағындырып, Айға да жетуге асық. 2019 жылдан бері екі астронавт ғарышқа ұшты. Кезекте тағы екеуі тұр.
Авторы: Рауан Мыңбай
Тегтер #Қазақстан #БАӘ #ғарыш саласы #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz