RU
Толық нұсқаға өту

Ақтаулық оқушы мультфильм құрастырды

11.05.2026, 12:35 62

Ақтаулық оқушы табиғатты қорғау тақырыбында мульфильм жасап шығарды. Жоба авторы – Байтұрсын есімді 7-сынып оқушысы. 

Ол Таусоғар, Көлтаусар секілді ертегі кейіпкерлерін жасанды зерденің көмегімен қоршаған ортаны қорғаушы ретінде суреттейді. Маңғыстаудағы ауыз судың тапшылығы, Каспий итбалығының жаппай қырылуына қатысты экологиялық мәселелер де тақырыпқа арқау болған.

Байтұрсын Балабай тырнақалды еңбегін экологиялық жобалар байқауына арнайы әзірлепті. Ол қазақ ертегісі кейіпкерлерін нағыз табиғат сақшысы ретінде суреттейді. Мульфильм қаһармандары тіршілік нәрінің тапшылығымен күресу, Каспий сүтқоректілерін сақтап қалудың жолын іздейді.

Байтұрсын Балабай, жоба авторы:

- Қазір балалар әр жерге қоқыс тастайды. Осы балалардың әрекетін дұрыстағым келді және табиғатты қорғағым келді. Ол жерде қазақтың ұлттық кейіпкерлері бар. Мен осы әңгімені тек экологиялық қана емес, ұлттық мәдениетті қалыптастыру үшін істедім. 

5 минуттық мультфильм сәуірде Астанада өткен «ProEco» сайысында жүлдеге ие болды. Дарынды жеткіншек енді мультсериал жасауды армандайды. Әр сериясында Маңғыстаудың көрнекті орындарын суреттеп, табиғат аясын аялауға шақырмақ ниетте. Шәкіртінің жоспарын ұстазы да құптап отыр.

Сәния Дәуталиева, мұғалім:

- Кішкентай балаларға қоқыс тастама, гүлді жұлма дейтін болсақ, олар қарапайым сөзбен санасына түсінбеуі мүмкін. Ал егер біз оларға қызық образдар арқылы айтсақ, мысалға супербатырлар балаларға өте қызық тақырып, оларға еліктейді. Олар сияқты болғысы келеді. Сосын біз қазақ фольклорында да осындай кейіпкерлер бар ғой деп ойладық.

Байтұрсын сыныптастарымен бірге қалаішілік тазалық шараларына тұрақты қатысып жүр. Бір қуантарлығы, Ақтауда апта сайын ауқымды сенбілік ұйымдастырылады. Қоғамдық орындарды, жағажайды күл-қоқыстан тазартуға көпшілік белсене атсалысып келеді.

Талғат Исламұлы, тілші:

- Соңғы екі айдан бері Ақтауда өткен сенбіліктерге 10 мыңдай адам, жүзден астам арнайы техника тартылды. Нәтижесінде 17 заңсыз қоқыс алаңы толық тазаланды. Сондай-ақ қала көшелеріне 700-дей тал көшеті егілді. 

Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz