RU
Толық нұсқаға өту

Павлодарда сапсерфинг қарқынды дами бастады

11.05.2026, 13:14 39

Серфинг тақтасымен жүзетін ескекшілер дене шынықтырып қана қоймай, табиғатты тамашалау үшін серуенге шығады. 

Мамандардың айтуынша, сапсерфингтің дамуы экотуризмді өркендетуге үлес қосады. Бүгінде мыңдаған қала тұрғыны спорттың осы түріне ден қойған.

Павлодарда сапсерфинг мектебінің ашылғанына көп болған жоқ. Соған қарамастан орталыққа келушілер қатары күннен күнге артып келеді. Себебі аталған спорт түрі табиғатты жақыннан танып-білуге мүмкіндік береді.

Владимир Ключников, сапсерфинг академиясының жетекшісі:
- Бұл жерде су баяу ағады, толқын мүлде жоқ. Сондықтан  сапбордпен сырғанауға  өте қолайлы. Бізге таңғы және кешкі серуенді ұнататын адамдар келеді. Көпшілігі таңның атқаны мен күннің батқанын осы сапбордтың үстінде қарсы алғанды жақсы көреді
.

Тақта үстінде сырғып, су бетімен қалқитын ескекшілер тұмса табиғатты тамашалау үшін, орманның адам аяғы баспайтын жерлеріне барады. Бұл экотуризмді де дамытады. «Себебі мұндай бағыт саяхатшылардың қызығушылығын тудырады», - дейді мамандар.

Владимир Ключников, сапсерфинг академиясының жетекшісі:
- Бізге Астанадан, Қарағандыдан адамдар 400-500, тіпті 800 шақырым жол жүріп, тек сапбордпен сырғанау үшін арнайы келеді. Мысалы, Қырғызстанда да осындай бір ерекше орын бар. Ол жаққа тіпті шетелден туристер келеді. Онда да су деңгейі көтеріліп,  су басқан орманда саппен сырғанауға мүмкіндік туады.

Ертіс өзенінің сағасында тақта үстінде жүзетін  ескекшілерді қала тұрғындары жиі көре бастады. Даниял Сыздықов достарымен бірге мамырдағы ерекше табиғи көріністі тамашалауға  арнайы келген.

Даниял Сыздықов, Павлодар қаласының тұрғыны:
- Өзіміздің ерке Ертістің жағасында әдемі осындай қайықтарға отырып, табиғатты зерттегенді жақсы көреміз. Жалпы салауатты өмір салтын ұстанамыз. Енді көбінесе осындай сәт тек қана осы мамыр айында туады, өйткені шілде, тамыз айында су тартылғанда ондай көрініске біз ие бола алмаймыз
.

Қарлығаш Қасиетова, тілші:
- Айнала мүлгіген тыныштыққа бөленген. Су беті айнадай тап-таза. Ал орман ағаштары суға малынып, бір тылсым әлемге енгендей әсер береді. Бұл – жылына бір-ақ рет қайталанатын ерекше сәт. Табиғаттың өз қолымен салған көрінісі.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz