RU
Толық нұсқаға өту
Фото: wikipedia

Бүгін Алаш қайраткері Мұхамеджан Тынышбайұлының туған күні

12.05.2026, 09:48 55

Мұхамеджан Тынышбайұлы — қазақтың көрнекті саяси және қоғам қайраткері, Алаш қозғалысының негізін қалаушылардың бірі, Алашорда үкіметінің мүшесі әрі төраға орынбасары, тарихшы-ғалым және қазақтан шыққан тұңғыш теміржол инженері, деп хабарлайды «24KZ»

Ол  1879 жылы 12 мамырда бұрынғы Жетісу облысы Лепсі уезі, Мақаншы-Садыр болысындағы Жыланды тауының баурайында Әлдекеұлы Тынышбайдың отбасында дүниеге келген. 

1890 жылы 14 тамызда Верный қаласындағы ерлер гимназиясына оқуға қабылданған. Жастайынан зеректігімен танылған Мұхамеджан Верный ерлер гимназиясын алтын медальмен тәмамдап, кейін Санкт-Петербургтегі Император І Александр атындағы Теміржол көлігі институтын үздік бітірді. Осылайша қазақтан шыққан алғашқы инженер-теміржолшы атанды.

XX ғасыр басындағы саяси өзгерістерге белсене араласқан ол қазақ халқының теңдігі мен азаттығы үшін күресті. 1905 жылдан бастап патша өкіметінің отаршыл саясатын ашық сынап, қазақ жері мен құқығын қорғауға арналған мақалалар мен баяндамалар жасады. 1907 жылы II Мемлекеттік Думаға Жетісу облысынан депутат болып сайланды.

Мұхамеджан Тынышбайұлы Алаш қозғалысының белсенді мүшесі болып, Алаш Орда үкіметі төрағасының орынбасары қызметін атқарды. Сонымен қатар 1917 жылы құрылған Түркістан (Қоқан) автономиясының премьер-министрі болып сайланды.

Инженер ретінде ол Орта Азия мен Қазақстандағы ірі теміржол құрылыстарына қатысып, Түркістан-Сібір теміржолын салуға зор үлес қосты. Сонымен бірге қазақ тарихын зерттеп, «Ақтабан шұбырынды», қазақ халқының XVII–XVIII ғасырлардағы тарихы туралы құнды еңбектер жазды.

1930-жылдардағы сталиндік қуғын-сүргін кезінде ол “халық жауы” деген жаламен тұтқындалып, 1937 жылы Ташкентте атылды. Кейін толық ақталды.

Мұхамеджан Тынышбайұлы — ұлтының болашағы үшін күрескен, білім мен ел мүддесін қатар ұстаған тарихи тұлға. Оның өмір жолы — қазақ халқының азаттыққа, білімге және өркениетке ұмтылысының айқын көрінісі.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz