Қазақстанда Қызыл кітапқа енген сирек өсімдіктерді, соның ішінде Виталий бақбағы мен көк-сағыз бақбағын жұлғаны немесе зақымдағаны үшін қатаң жауапкершілік қарастырылған. Бұл туралы «24KZ» хабарлайды.
Заңнамаға сәйкес, мұндай әрекеттер үшін 3000 АЕК-ке дейін, яғни шамамен 13 миллион теңгеге дейін айыппұл салынуы мүмкін.
Ел аумағында бақбақ өсімдігінің 59-ға жуық түрі кездеседі. Олардың кейбірі Қызыл кітапқа енгізілген. Әсіресе, көк-сағыз бақбағы ерекше қорғалады. Бұл өсімдік өте сирек кездеседі және оның тамырынан табиғи каучук алынады.
Әлеуметтік желілерде азаматтар сирек кездесетін бақбақ түрлерін кәдімгі түрлерден ажырату қиын екенін айтып, алаңдаушылық білдірген. Себебі сыртқы ұқсастық салдарынан байқаусызда заң бұзушылық орын алуы мүмкін.
Осыған байланысты Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрлігі түсініктеме берді.
Ведомство мәліметінше, Қызыл кітапқа енген Taraxacum vitalii Orazova (Виталий бақбағы) және Taraxacum kok-sagyz Rodin (көк-сағыз бақбағы) Іле және Күнгей Алатаудың оңтүстік беткейлерінде, сондай-ақ Солтүстік Тянь-Шань аймағында кездеседі. Бұл түрлер реликт әрі эндемик болып саналады және популяциясы өте аз.
Министрлік өкілдерінің айтуынша, бұл өсімдіктерді қала аумағында немесе елді мекендер маңында кездестіру ықтималдығы өте төмен.
Қазақстанда бақбақтан бөлек, басқа да сирек кездесетін өсімдіктерді жұлуға заңмен тыйым салынған. Қызыл кітапқа 387 өсімдік түрі енгізілген.
Олардың қатарында меруертгүл (ландыш), бұйра лалагүл, цитвар жусан, қазақстандық қоға, сондай-ақ Грейг, Кауфман, Шренк, Регель және өзге де көптеген қызғалдақ түрлері бар.
Заң талаптарына сәйкес, мұндай өсімдіктерді заңсыз жұлу немесе зақымдау әкімшілік жауапкершілікке әкеледі. Мәселен, мамыргүлді (ландыш) жұлған азаматтарға 216 мың теңгеге дейін айыппұл салынуы мүмкін.
Экологтар, Қылмыстық кодекстің 339-бабына сәйкес, сирек кездесетін өсімдіктерді заңсыз жою, жинау, сақтау, тасымалдау немесе сату қылмыстық жауапкершілікке әкеледі. Мұндай жағдайда айыппұл, түзеу жұмыстары, бас бостандығын шектеу немесе үш жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылғанын еске салады.
Тегтер #Бақбақ #Қызыл кітап #Taraxacum vitalii #24KZ #24жаңалықтарPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz