Астанада алғаш рет Берн одағының жиыны өтіп жатыр. Бұл – Орталық Азия үшін тарихи оқиға. Оған әлем елдерінен 200-ге жуық делегат келді.
Олардың қатарында жетекші экспорттық-кредиттік агенттіктердің, халықаралық қаржы институттарының және жаһандық сақтандыру корпорацияларының басшылары бар. Форумда қаржы секторын цифрландыру және жасанды интеллект технологияларын енгізу, даму институттарын геосаяси өзгерістерге бейімдеу, тәуекелдерді бағалау және сақтандыру тетіктерін жетілдіру талқыланады. «Алқалы жиын Қазақстанға экспорт нарықтарын кеңейтуге және сапалы шетелдік инвестицияларды тартуға қосымша мүмкіндік береді», - дейді ұйымдастырушылар. Атап өту керек, Берн Одағы – экспорттық кредиттер мен инвестицияларды сақтандыру саласындағы ең ірі халықаралық бірлестік.
Аллен Шәйжүнісов, «Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі» АҚ басқарма төрағасы:
- Берн одағының мүшелері жыл сайын 3,3 трлн доллардан артық сауданы сақтандырады. Бұл бүкіл әлемдік сауданың 13% құрайды. Бұл шараның Қазақстан үшін маңызы зор. Біз өзімізді әлемге ашық әрі сенімді серіктес ретінде танытамыз. Мұндай кездесулер елімізге инвестиция тартуға және Қазақстанлық өнімдерді шетелге шығаруға көмектеседі.
Юичиро Акита, Берн одағының президенті:
- Қазақстанның экономикалық әлеуеті зор, табиғи ресурстарға бай және геосаяси тұрғыдан өте маңызды орында. Сондықтан халықаралық инвесторлардың қызығушылығы жоғары. Алайда жобаларды қаржыландыруға лайықты ету үшін мемлекет пен жеке сектордың бірлескен жұмысы, яғни нақты институционалдық негіз қажет. Инвесторлар ел экономикасына сеніммен қаржы құюы үшін тиісті жағдай жасау – басты міндет. Бүгінгі шара – осы мақсатта дер кезінде жасалған қадам.
Тегтер #Астана #Берн одағы #Таңдаулы #отырысPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz