Премьер-министр Олжас Бектенов Берн одағы отырысына қатысушыларды Қазақстандағы халықаралық инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға шақырды.
Елдің инвестициялық тартымдылығын нығайту – халықаралық сауданың, көлік-логистикалық әлеуеттің және экспорттық мүмкіндіктердің дамуымен тығыз байланысты. Берн одағы мүшелері қызметінің негізгі бағыттары да осымен үндес. Қазақстан 2030 жылға дейін шикізаттық емес экспортты 52 млрд долларға жеткізуді көздейді. Инвесторлар мен жоғары білікті мамандар үшін «Алтын виза» арнайы визалық режимі енгізіліп жатыр. Қазақстанның шетелдік сауда өкілдері және Экспорттық-кредиттік агенттіктері кәсіпорындарға қолдау көрсетіп, халықаралық бизнестің сұранысына жедел ден қоюға бағдарланған.
Хатидже Уркметц, Түркия экспорттық-кредиттік агенттігінің жобалық қаржыландыру және халықаралық байланыстар жөніндегі директоры:
- Türk Eximbank тұрғысынан Орталық Азия мен Қазақстан өте маңызды стратегиялық әрі ұзақмерзімді әлеуетке ие. Біз өңірде және Қазақстанда ірі жобаларға айтарлықтай қолдау көрсеттік. Түркия мен Орталық Азия елдерін берік тарихи, мәдени және экономикалық байланыстар біріктіретіні белгілі. Сондықтан да өңір, әсіресе тұрақты жағдайымен ерекшеленетін Қазақстан, инвестициялық ынтымақтастық тұрғысынан үлкен мүмкіндіктер ашады.
Сильвия Говорникова, ЭЫДҰ Экспорттық кредиттер және бәсекелестік бөлімінің басшысы:
- Біз Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы халықаралық келіссөздер талқыланатын алаң болғанына өте қуаныштымыз. Сондай-ақ Қазақстан барлық пікірталастарға, әсіресе тиімді басқару мәселелеріне, атап айтқанда экологиялық және әлеуметтік мәселелерді кешенді тексеру мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралар, сондай-ақ орнықты кредит беру тәжірибесіне қатысты талқылауларға өте белсенді қатысып келетінін атап өткім келеді. Мен Ұйымға мүше елдеріміздің Қазақстанға сатып алушы ретінде қатысуға деген қызығушылығы артып келе жатқанын көріп отырмын. Сондықтан Қазақстан үшін халықаралық ережелерді сақтау аса маңызды.
Тегтер #өңірлік инвестициялық хаб #Олжас Бектенов #халықаралық сауда #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz